Кредиттер
new
Депозиттер мен инвестициялар
Карталар
Сақтандыру мен қызметтер
Бизнеске арналған
Инвестициялар және жинақ ақша
15 минут

Инвестициялық портфель: анықтамасы, оған не кіреді және оны қалай жинауға болады?

Инвестициялық портфель: анықтамасы, оған не кіреді және оны қалай жинауға болады?

Маңызды ақпарат! Мақалаларды дайындау кезінде біз сарапшылармен кеңесеміз. Бірақ бұл жалпы ақпарат болып табылады және сипатталған шешімдерді инвестициялық ұсыныс деп санауға болмайды. Инвестиция — бұл күрделі тақырып, онда әртүрлі сараптамалық пікірлер бар. Сондықтан инвестициялау туралы негізгі түсінік болу қажет. Өйткені жіберілген қате салдарынан ақшаны жоғалтуға болады. Инвестицияны үйрене бастағанда, арнайы оқытудан өткен немесе маманға жүгінген дұрыс.

Ең алдымен инвестициялық құралдар туралы қысқаша ақпаратпен бөлісейік.

Инвестициялауды жаңадан бастап жатқан адамдарға сәйкес келетін құралдарды біз басқа мақалада қарастырдық. Сол құралдарды қысқаша шалып өтейік. 

 

Банктік депозит — бұл салым: сіз белгілі бір мерзімге банкке ақша саласыз, содан кейін оны пайызбен аласыз. 

 

Облигациялар — бұл борыштық бағалы қағаздар. Олар сіздің компанияға немесе мемлекетке қарызға ақша бергеніңізді растайды. Әдетте облигациялар бойынша белгіленген пайыз, яғни купондық кіріс төленеді. Сондай-ақ инвестор облигацияны арзан бағаға сатып алып, қымбат бағаға сата алады. Осылайша ол баға айырмашылығынан ақша табады. 

 

Акциялар — бұл иеленушінің компанияның бір бөлігіне иелік ететіндігін растайтын үлестік бағалы қағаздар. Көбінесе инвесторлар акциялармен жасалған мәмілелерден ақша табады, бірақ кейбір компаниялар акционерлерге компания пайдасының бір бөлігін, яғни дивидендтерді төлейді.

 

Валюта — басқа елдің бірлігіндегі ақша. 

Инвестициялық портфель не үшін қажет?

Инвестициялық портфель — бұл бір адамға тиесілі бағалы қағаздар мен басқа активтердің жиынтығы. Портфельде акциялар, валюталар, бағалы металдар, облигациялар сияқты әртүрлі активтер болады. 

 

Инвестициялық портфель шығындар тәуекелін азайту үшін жасалынады: егер бір актив құнын төмендесе, басқа активтер шығындарды өтейді.

Бағалы қағаздар портфелі қандай болады?

Инвестициялық портфельдерді әртүрлі критерийлер бойынша бөлуге болады.

 

Тәуекел деңгейі бойынша — инвестордың шығындарға дайын болу деңгейі. 

 

  • Консервативті портфель тәуекел деңгейі төмен активтерден қалыптасады. Ол төмен табыс әкеледі: бұл жағдайда күтілетін кіріс инфляцияны өтей алатынын тексерген жөн. 

 

  • Теңдестірілген портфель тәуекел деңгейі орташа активтерден қалыптасады. Нарық тұрақсыз болса да, сіз өзіңізді шығындардан қорғайсыз. Сондықтан оны үнемі тексеріп тұру қажет. Бұл туралы толығырақ талқылайтын боламыз. 

 

  • Агрессивті портфель тәуекел деңгейі жоғары активтерден қалыптасады. Бұл портфель үлкен табыс әкеледі, бірақ инвестор оны үнемі қадағалап тұруы қажет. 

 

Тәуекел деңгейі мен инвестициялау стратегиясы туралы толығырақ біздің басқа мақаламыздан білуге болады. 

 

Кірістілік түрі бойынша — инвестордың кірісті алу жолдары және мерзімі.

 

  • Дивидендтік портфель — акциялар бойынша тұрақты төлемдер немесе облигациялар бойынша купондар ескерілетін активтер жиынтығы.

 

  • Өсу портфелі — активтердің бағасы көтерілген кезде портфельді сату жағдайы ескерілетін активтер жиынтығы. Бұл ретте портфельдің өзі тұрақты пайда әкелмеуі мүмкін. 

 

Қатысу деңгейі бойынша — инвестор жұмысқа бөлуге дайын уақыт. 

 

  • Белсенді портфель — инвестор белсенді позицияны ұстанады, нарықты бақылайды, бағаланбаған қағаздарды іздейді, портфельді түзетеді. Мұндай портфельдің мақсаты — нарықтық кірістен жоғары пайда алу.

 

  • Пассивті портфель — мұнда инвестор тұрақты бақылау жүргізуге уақыт пен күш жұмсауға дайын емес. Мұндай портфель көбінесе дайын индекс бойынша жиналады және оның кірістілігі индекстің кірістілігіне сәйкес болады. 

 

Мысалы, индекстік қорлар бар. Бұл белгілі бір үлгі немесе бағалы қағаздар тізімі бойынша жиналған активтерден тұратын портфельдер. Инвестор оның үлесін сатып алады.

 

Мақсатқа жету мерзімі бойынша — инвестор пайда табуды жоспарлаған уақыт.

 

  • Қысқа мерзімді портфель — 3 жыл немесе одан қысқа уақыт ішінде пайда табуға арналған портфель. 

            

  • Орта мерзімді портфель — 5-10 жыл ішінде пайда табуға арналған портфель. 

 

  • Ұзақ мерзімді портфель — 10 жылдан кейін пайда табуға арналған портфель. 

Қандай инвестициялық портфель теңдестірілген болып саналады?

Инвестиция әрқашан тәуекел болып табылады. Бірақ тәуекелдер әртүрлі болады және олардың деңгейін түрлі жолдармен төмендетуге болады. Бұл процесс әртараптандыру деп аталады. Оның жұмыс істеу жолын бағалы қағаздар нарығының мысалы негізінде қарастырайық. 

 

Тәуекел Оны қалай азайтуға болады
қағаз шығаратын компанияның нарықта тұрақты орны жоқәртүрлі салада жұмыс істейтін бірнеше компаниялардың қағаздарын сатып алу
тұрақсыз сала Қазақстан нарығындағы басқа активтерге немесе басқа елдердің бағалы қағаздарына ақша салу
экономикадағы қауіпті жағдайактивтерді бірден емес, бірте-бірте сатып алу

 

Теңдестірілген портфель — бұл активтердің әртараптандырылған жиынтығы. Онда тәуекел деңгейі әртүрлі активтер бар. Теңдестірілген портфельдің мысалы: 40% — акциялар, 40% — облигациялар, 10% — алтын немесе қорлардың пайлары, 10% — депозиттегі ақша. Тәуекел деңгейі төмен (және сәйкесінше ықтимал кірістілігі төмен) активтер тәуекел деңгейі орташа активтерге қарағанда аз болуы керек. Бұл тепе-теңдік үшін қажет: сонда тәуекелдерден қорғанып, табыс табуға болады.

 

Теңдестірілген портфельдің қарапайым мысалы - All Weather Portfolio - «барлық мезгілге арналған» портфель*. Бұл портфельдің әзірлеушісі Рэй Далио 25 жыл бойы өзіне және өз отбасына арналған экономикалық қиыншылықтарға төтеп бере алатын активтер портфелін құруға тырысты. 

 

Рэй Далионың пікірінше, барлық экономикалық жағдайларды екі көрсеткішпен анықтауға болады: экономикалық белсенділік көлемі және инфляция деңгейі бойынша. Сондықтан оның портфелі әр индикатордың өсу немесе азаю қаупін есепке алады. Портфель құрылымы:

 

  • 30% — АҚШ акциялары;
  • 40% — ұзақ мерзімді облигациялар; 
  • 15% - қысқа мерзімді облигациялар; 
  • 7,5% — алтын; 
  • 7,5% - басқа шикізат активтері. 

 

Экономиканың дамуы кезінде акциялар өседі. Облигациялар дағдарысы басталған кезде алтын мен шикізат акциялардың төмендеуін өтейді және олардың да бағасы өседі. Мұндай активтер қорғаныс активтері деп аталады.

 

«Барлық мезгілге арналған портфель» туралы толығырақ Рэй Далио әзірлеген хедж-қордың сайтынан білуге болады.

Инвестициялық портфельді қалай қалыптастыруға болады?

Портфельді жинау үшін мақсатты, ай сайынғы жарнаны, тәуекел деңгейін және құрылымды анықтау керек. Әр тармақты толығырақ қарастырайық. 

 

Мақсат. Инвестициядан түскен ақша сізге қай кезде қажет болатынын және сол ақшаны қайда салуды жоспарлайтыныңызды анықтау керек. Мысалы, егер ақша балаларға білім беру үшін қажет болса, онда инвестиция мерзімі 10-15 жыл болуы мүмкін. Егер сіз машинаны сатып алғыңыз келсе, мерзім кішкентай болуы мүмкін. Таңдалатын құралдар мақсат пен мерзімге байланысты болады. 

 

Ай сайынғы жарна. Әдетте инвестиция қалай жұмыс істейді? Сіз бір нәрсені бір рет сатып аласыз да, содан кейін дәл сол активтерді қосымша сатып алып отырасыз. Бірден үлкен соманы салудың қажеті жоқ: активтерді біртіндеп сатып алу арқылы сіз тәуекелдер деңгейін азайтасыз. Тұрақты негізде қанша ақша салуға дайын екеніңізді анықтаңыз — табыс сол сомаға байланысты болады.

 

Тәуекел деңгейі. Шығындарға қаншалықты дайын екеніңізді ойлаңыз. Егер ақшаның жоғалуы бюджетке кері әсер етсе, ақшаны тәуекелі деңгейі жоғары активтерге салмаған жөн. 

 

Портфель құрылымы. Бұл құрылым да тәуекелмен байланысты: сіз қандай пропорцияда және қандай активтерді жинайсыз? Жоғарыда біз 40/40/10/10 формуласын ұсындық. Бірақ бұдан басқа да әртүрлі формулалар мен пікірлер бар. 

 

Биржада сауда жасау үшін сізге делдал, яғни брокер қажет. Брокерді таңдағанда, келесі факторларды тексеру қажет:

 

  • лицензия — қазақстандық брокердің лицензиясы бар екенін тексеру маңызды, оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында көруге болады; 
  • қаржылық көрсеткіштер — капитал неғұрлым көп болса, осы брокерге соғұрлым көп адам сенеді;
  • компанияның беделі — компания туралы ақпаратты оқып, пікірлерді біліп алыңыз;
  • қызмет көрсету шарттары — мәміле үшін жасалатын төлемдер, шектеулер, брокердің құқықтары, ақша аудару мерзімі және т. б. ақпарат.

 

Инвестициялық портфельді қалай басқаруға болады: стратегия

Стратегия — бұл ұзақ мерзімді инвестициялық жоспар: ол жоғарыда қарастырылған барлық тармақтарды қамтиды және олардың болашақта қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Егер сіз активтердің бір бөлігін сатып, оларды сенімсіз акцияларға салғыңыз келсе, бұл жоспар сізге қажет болады. Стратегия бір рет жасалып, нарықтағы жағдай бойынша қайта қарастырылып отырады. 

 

Инвестициялық стратегияның маңызды бөлігі — қайта теңгерімдеу. Қайта теңгерімдеу портфель ішіндегі активтер құнының таңдалған арақатынасы сақталуы үшін олардың бағасы өзгерген кезде жүргізілуі керек. Мысалы, жоғарыда ұсынылған 40/40/10/10 құрылымын қарастырайық. Активтерді сатып алу кезінде портфельдің 40%-ы акциялар болды. Содан кейін олардың құны облигациялар сияқты тұрақты активтерге қарағанда арзандады және арақатынас өзгерді. Құрылымды сақтау үшін акцияларды сатып алу керек. 

 

Біз портфельді басқаруда қолданғыңыз келетін тармақтардың тізімін жасауға және жаңа шешімдерді сол тізім бойынша қабылдауға кеңес береміз. Стратегия құру кезінде пайдалы бола алатын бірнеше негізгі идеяларды ұсынамыз.

 

  • Мен өз портфеліме тұрақты түрде Х теңге саламын.
  • Мен активтердің құны төмендеуі мүмкін екенін түсінемін. Мен активтердің құны 50%-ға дейін төмендеп, дағдарыстың аяқталуына дейін стратегияны өзгертпеймін.
  • Мен өз жоспарымды ұстанамын және барлық тиімді болып көрінетін активтерге ақша салмаймын. Статистикаға сәйкес бағасы тез өскен қағаздардың құны да кейін күрт төмендейді.

 

Инвестициялауда ең бірінші орында тәртіп болады. Ақшаны көбейту үшін көп білім қажет емес. Одан да өзіңе қойған мақсатқа жету жолынан таймау маңызды. 

 

Портфельді дербес түрде жинап, ұзақ мерзімді стратегия жасау - күрделі процесс. Көмек қажет болса, сенімгерлік басқарушыға жүгінуге болады. Бұл инвесторлармен жұмыс істеуге лицензиясы бар заңды немесе жеке тұлға. Оның брокерден айырмашылығы: ол барлық мәмілелерді дербес жүргізіп, барлық активтер инвестордың меншігінде қалады. Сенімгер басқарушы инвесторға табыс әкелуге тырысады. 

 

Басқа шешімдер:

 

  • ИПҚ — инвестициялық пай қоры. Пайларды сатып алу арқылы сіз ақшаны инвестициялау стратегиясын ашық құратын басшыларға тапсырасыз. 

     
  • ETF — инвесторларға бірнеше жүздеген компаниялардың бағалы қағаздары бар әмбебап акцияларды ұсынатын инвестициялық қорлар. Бұл жағдайда тәуекелдер нарық деңгейіне байланысты болады да, сіз нарықтық пайда аласыз. 

Портфельді жаңадан келіп басқару кезінде қателіктерден қалай аулақ болуға болады?

Мақсатқа негізделген нақты стратегияны ойластырып, ол туралы ұмытпаңыз. Сонда сіз жөнсіз шешімдерден сақтанасыз. Көмек қажет болса, маманға жүгінуге болады. 

 

Қауіпсіздік қорын жинаңыз Инвестициялауды бастамас бұрын біз қауіпсіздік қаржы қорын қалыптастыруды ұсынамыз. Ол бірнеше айлық кіріс мөлшерінде болуы тиіс. Сонда күтпеген жағдайларда ақша әрқашан қолжетімді болады. 

 

Инвестициялауға бар ақшаны салмаңыз. Егер тамақ, жалдау ақысын және коммуналдық қызметтерді төлеуден кейін сізде ақша қалса, оны толығымен инвестициялауға жұмсаудың қажеті жоқ. Өйткені күнделікті шығындарға ақша қалмайды. Сонда инвестициялар да қуаныш әкелмейді.

 

Шешімдерді эмоцияларға негізделіп жасамаңыз. «Жүректің қалауы бойынша» жасалған мәмілелер әрдайым тиімді бола бермейді. Бұл жағдайда белгіленген стратегия және нарықтағы жағдайды сауатты түрде талдай білу дағдысы көмектеседі. 

 

Барлығын математикалық және техникалық (кірістілік және басқа көрсеткіштер) және іргелі талдау (сала, компания, жаңалықтар) тұрғыдан қарастырыңыз. Ал басқа инвесторлардың тәжірибесі стратегияны құруға көмектеседі. 

Танымал өнімдер мен қызметтер