Кредиттер
new
Депозиттер мен инвестициялар
Карталар
Сақтандыру мен қызметтер
Бизнеске арналған
Кредиттер мен қарыздар
5 минут

Скоринг дегеніміз не және кредит алу мүмкіндігін қалай арттыруға болады?

Скоринг дегеніміз не және кредит алу мүмкіндігін қалай арттыруға болады?

Кредитті мақұлдамас бұрын банктер скоринг жүргізеді — әлеуетті қарыз алушының төлем қабілеттілігі мен сенімділігін тексереді. Сонымен қатар скоринг жүргізу кезінде банктер басқа да факторларды қарастырады. Мысалы, Банк төленбеген айыппұлдар немесе коммуналдық қызметтерді есепке алуы мүмкін. Скоринг жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және қарыз алу мүмкіндігін қалай арттыруға болатынын қарастырайық.

 

Банктерге скоринг не үшін қажет?

 

Пайызбен кредит беру — банктер үшін негізгі пайда көздерінің бірі. Бірақ сонымен қатар олар әрдайым тәуекелге барады, өйткені қарыз алушы қарызды қайтармауы мүмкін. Банктер үшін қайтарылмайтын кредиттердің саны мүмкіндігінше аз болғаны тиімді. Ал мүлдем жоқ болса, тіптен жақсы. Ол үшін әрбір әлеуетті клиент көптеген параметрлер бойынша мұқият тексеріледі.

Скоринг жүйесі автоматты түрде жұмыс істейді. Ол компьютерлік алгоритм негізінде жасалған. Ол әдеттері мен өмір салты ұқсас адамдардың қаржылық көзқарастары бірдей екендігін ескереді. Сондықтан жүйе әлеуетті қарыз алушыны кредитті алған тұлғалармен салыстырады. Тексеріс нәтижесінде қарыз алушының төлемдерді уақытында жүргізу ықтималдығы анықталады. Жүйенің арқасында банк проблемалық борышкерлерді алдын ала анықтап, мұндай тәуекелге бармай, ақшаны сақтайды.

 

Скоринг қалай жұмыс істейді?

 

Компьютерлік бағдарлама сауалнамадан және басқа дерек көздерінен ақпарат жинайды. Осы ақпарат негізінде ол клиенттің әртүрлі сипаттамаларын талдайды. Оған кредиттік тарих, табыс және т.б. факторлар кіреді. Жүйе әрбір параметрді балдармен бағалап, оларды есептейді. Әрбір қарыз алушыға жалпы скорингтік балл беріледі. 

Ол бойынша банк қызметкері клиенттің сенімділік деңгейін анықтап, шешім қабылдайды:

  • максималды немесе жоғары балл — оның негізінде клиентке төмендетілген пайыздық мөлшерлеме сияқты тиімді кредит шарттарын ұсынуға немесе стандартты шарттармен кредит беруге болады;
  • орташа балл — кредит мақұлданады, бірақ сомасы немесе өтеу мерзімі бойынша шектеулер болады;
  • төмен балл — қарыз беруден бас тартылады.

Бұл скоринг жүйесінің жалпы жұмыс принципі. Әр банктің өз талаптарына сәйкес жасалған өзіндік компьютерлік бағдарламасы бар. Белгілі бір шешім қабылдау үшін скорингтің шекті мәні де әртүрлі болуы мүмкін.

 

Скоринг кезінде қандай параметрлер есепке алынады?

 

Әлеуетті клиенттерге қойылатын талаптар банкке байланысты болады. Көбінесе банктер келесі параметрлерге назар аударады:

  • Кредиттік тарих. Егер клиент осы немесе кез келген басқа банктен қарыз алып, оны толық көлемде өтеп, бірде-бір төлемді кешіктірмесе, ол жоғары балға ие болады. Сонымен қатар кредиттік жүктеме тексеріледі: ол неғұрлым жоғары болса, қарыз алушыға келесі қарызды өтеу соғұрлым қиын болады. 
  • Төлем қабілеттілігі. Жүйе ресми жалақы деңгейін, қосымша табыс көздерін есептеп, қарыз алушының кредитті төлеуге жеткілікті ақшасы бар екендігін анықтайды.
  • Жасы. Банктер кредиттерді көбінесе еңбекке қабілетті жастағы адамдарға, яғни шамамен 25 жастан 55 жасқа дейінгі адамдарға береді. Студенттер мен зейнеткерлер осы параметр бойынша төмен балл алады.
  • Жұмыс және еңбек өтілі. Скоринг жүйесі ресми түрде жұмыс істейтіндерге көбірек сенім артады. Еңбек өтілі өскен сайын кредитті мақұлдау деңгейі де арта түседі.
  • Мүлік. Егер клиенттің пәтері немесе көлігі болса, олар сот даулары туындаған кезде өндіріп алуға жатады. Мүліктің болуы — банктің ақшаны қайтару кепілдігі. Сондықтан ол скоринг нәтижесін арттырады.
  • Отбасылық жағдайы. Некеде тұрған адамдар жауапкершілікті сезінеді және көбінесе бір-бірін қаржылық жағынан қолдайды. Сондықтан «үйленген» немесе «күйеуде» мәртебесі кредитті мақұлдау мүмкіндігін арттырады. Ал балалардың болуы скорингтік нәтижеге теріс әсер етеді.
  • Білім және мамандық. Табыс осы факторларға тікелей тәуелді болмаса да, кейде скоринг жүйесі оларды есепке алады. Жоғары лауазымға ие және жоғары білімі бар адамның кредитті алу мүмкіндігі жоғары болады.
Әр параметрдің өзіндік маңызы, яғни жалпы скоринг нәтижесіне әсер ету мүмкіндігі бар. Мысалы, жақсы кредиттік тарих отбасылық жағдайдан әлдеқайда маңызды болып келеді, ал жалақы білімнен гөрі маңызды. Бірақ әр фактор қорытынды нәтижеге әсер етеді.

 

Скорингтік жүйелер деректерді қайдан алады?

 

Кредит алуға өтінішті берген кезде клиент өзінің қаржылық жағдайы туралы негізгі деректерді енгізіп сауалнаманы толтырады. Бірақ бұл ақпарат жеткіліксіз, сондықтан банктер басқа да дереккөздерін тексереді.

Жеке мұрағат. Егер қарыз алушы осы банктің қызметтерін пайдаланған болса, жүйеде ол туралы барлық ақпарат сақталады.

Кредиттік бюро. Бұл клиенттің банктермен немесе МҚҰ-мен өзара әрекеттесуінің бүкіл тарихы сияқты кредиттік есептер сақталатын ұйым. Кредит бойынша төлем мерзімін кешіктіру жағдайлары ғана емес, басқа да факторлар сенімсіздікті тудырады. Мысалы, банктердің кредит беруден бас тартуы немесе МҚҰ-ға жиі жүгіну.

Басқа қаржылық ұйымдар. Банктер қарыз алушының сенімділігін тексеру үшін оның бұрынғы кредиттері туралы деректермен бөліседі.

Клиенттің құжаттары. Сауалнамамен бірге кейде банктік шоттан үзінді көшірме, жұмыс орнынан анықтама немесе салық органынан түскен табыс туралы анықтама ұсыну талап етілуі мүмкін.

Басқа ақпарат көздері. Банктер әлеуметтік желілердегі клиенттің профилін талдап, салық органдары сияқты мемлекеттік мекемелерден ақпарат сұрай алады. Бірақ бұл сирек кездеседі. Банктер оларға тек шешім қабылдау үшін қосымша ақпарат қажет болған даулы жағдайларда жүгінеді.

 

Скорингтік ұпайды қалай арттыруға болады?

 

Скорингтік жүйені алдау мүмкін емес. Банк қызметкерлері ақпаратты тексеріп, жалған ақпарат анықталса, кредит беруден бірден бас тартылады. Сондықтан өтінімді мақұлдау деңгейін арттыру үшін қаржылық профильді жақсарту қажет.

Бірақ барлық параметрлерге әсер ету мүмкін емес. Мысалы, жасын немесе отбасылық жағдайын өзгертуге болмайды. Бірақ көптеген маңызды факторларды түзетуге болады.

Ең алдымен, дербес кредиттік рейтингті білу қажет. Өйткені ол скоринг нәтижелеріне үлкен әсер етеді және ол сол принцип бойынша есептеледі. Дербес кредиттік рейтингті Бірінші кредиттік бюро сайтында білуге болады. Ол үшін тек ЖСН нөмірін енгізіп, қызмет үшін кез келген картадан немесе мобильді телефоннан төлеу қажет болады. Қызмет құны — 100 теңге.

Егер рейтинг төмен болса, онда ол кредиттік тарих нашар дегенді білдіреді. Бірақ оны түзетуге болады. Мысалы, банк алдындағы барлық қарыздарды өтеу, шағын кредит алып, оны төлем мерзімдерін кешіктірмей жабу. Ол туралы толығырақ біздің басқа мақаламыздан білуге болады. 

Скоринг нәтижелеріне әсер етудің тағы бір тәсілі — банктік емес қарыздарды өтеу. Оларға айыппұлдар, коммуналдық төлемдер, алименттер жатады. Сонымен қатар табысы жоғары болатын жұмысты іздеуге болады.

 

Скорингтің артықшылықтары мен кемшіліктері

 

Банктер тұрғысынан қарағанда, скорингтік жүйелердің артықшылықтары айқын болып келеді. Тексеруді автоматтандыру өңделетін өтінімдер санын арттыруға мүмкіндік береді, яғни пайданы да арттырады. Сонымен қатар адами факторға байланысты қателер жоқ болады.

Клиенттер үшін скоринг бір қарағанда ыңғайсыздық тудырады: көптеген параметрлерді қатаң тексеру кредит алуды қиындатады. Бірақ іс жүзінде көп нәрсе қарыз алушының өзіне байланысты болады. Дұрыс әрекеттермен скоринг нәтижелеріне әсер етіп, мақұлдау деңгейін арттыруға болады.

Скоринг жүйесінің клиенттер үшін де артықшылықтары бар. Ең алдымен, бұл ыңғайлы: автоматты түрде жүргізілетін тексеріс өте тез жүзеге асырылады. Мысалы, Home Credit Bank-те кредитті 3 минут ішінде 10 млн теңгеге дейін ресімдеуге болады. Сондай-ақ бөлімшеге жүгінудің қажеті жоқ: жүйе өтінімді өңдейді, деректерді тексереді және шешімді толығымен онлайн түрде шығарады.

Скорингтің тағы бір артықшылығы — әділ бағалау. Қызметкерден гөрі алгоритм нашар көңіл-күйге байланысты немесе клиенттің түріне қарап, кредит беруден бас тартпайды.

image
Ирина Волкова
Блог авторы
Сарапшылар:

Танымал өнімдер мен қызметтер