Қаржылық қиындықтар кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Бірақ уайымдаудың қажеті жоқ. Жұмыстан уақытша айырылу, күтпеген шығындар немесе жалақының кешігуі — бәрі де өмірде болатын жағдайлар. Маңыздысы — мәселеге мән беріп, дер кезінде әрекет ету және банк өз клиенттерін қолдау үшін ұсынатын шешімдер бар екенін білу.
Көптеген қарыз алушыларды «кредит мерзімін ұзарту» дегеніміз не деген сұрақ мазалайды. Қарапайым тілмен айтқанда, кредит мерзімін ұзарту — бұл сіздің кредит шартыңыздың қолданылу мерзімін ұзарту. Яғни, банк сізге қарызды қайтару мерзімін ұзартып береді. Нәтижесінде ай сайынғы төлем азайып, сіздің ағымдағы қаржылық жүктемеңіз жеңілдейді.
Кредит мерзімін ұзарту да, қайта құрылымдау да — қысқа мерзімді, уақытша қиындықтарды шешуге арналған тиімді құралдар. Мысалы, келесі жағдайларға тап болсаңыз:
- жұмыстан уақытша айырылып, жақын арада жаңа жұмыс табатыныңызға сенімді болсаңыз;
- қазіргі жұмысыңызда жалақы кешіктірілсе;
- күтпеген шығындар пайда болса — мысалы, емделуге немесе жөндеу жұмыстарына ақша қажет болса, екі нұсқаның біреуін қарастырған жөн.
Маңызды мәселе — қаржылық қиындықтарыңыз жақын арада шешіліп, төлемдерді әдеттегі кесте бойынша қайта жалғастыра алатыныңызға сенімді болуыңыз қажет. Біздің банк кредитті қайта құрылымдауды ұсынады. Мұндай жағдайда бұл сіз үшін ең тиімді және оңтайлы шешім болмады.
Қайта құрылымдау процесі күрделі емес. Ең бастысы — келесі төлемді уақтылы өтеу қиын болатынын түсінсеңіз, банкке алдын ала хабарласу қажет. Төлем мерзімін кешіктірмеу үшін мәселені ертерек шешуге тырысқан дұрыс. Шартты қайта құрылымдауды ресімдеу үшін жағдайыңызды растайтын құжаттар қажет болады. Өтінім мақұлданғаннан кейін жаңа шарттар бойынша жаңа кредит шарты жасалады. Бұл ретте клиент жеке өзі келуі қажет. Ол барлық талаптар мен жаңа шарттарды толық түсінуі керек.
Қайта қаржыландыру — бұл кешенді құрал. Оның мәні — бұрынғы бір немесе бірнеше кредитті толық жабу үшін жаңа кредит ресімдеу. Көп жағдайда жаңа кредит бұрын алған кредиттерге қарағанда тиімді шарттармен беріледі: оның пайыздық мөлшерлемесі төмен, төлем мерзімі ыңғайлы немесе ай сайынғы төлем сомасы аз болуы мүмкін.
Екі қызмет те қаржылық жүктемені азайтуға көмектеседі, бірақ олардың мақсаты әртүрлі. Оларды негізгі параметрлер бойынша салыстырайық.
Мақсат. Кредит мерзімін ұзарту уақытша жеңілдік беріп, қиын кезеңнен өтуге көмектеседі. Ал қайта қаржыландыру — қаржылық жағдайды жақсарту мақсатында кредит шарттарын түбегейлі өзгерту тәсілі.
Кредиттердің саны. Кредит мерзімін ұзарту қиындық туындаған белгілі бір кредитке қолданылады. Ал қайта қаржыландыру тіпті әртүрлі банктерден алынған бірнеше кредитті бір жаңа кредитке біріктіруге мүмкіндік береді.
Пайыздық мөлшерлеме. Кредит мерзімін ұзарту кезінде пайыздық мөлшерлеме, әдетте, өзгеріссіз қалады. Ал қайта қаржыландыру жағдайында мөлшерлеменің төмендеуі басты фактор болып табылмайды. Көп жағдайда клиент үшін басты мақсат — барлық кредиттерді біріктіріп, төлем мерзімін ұзарту. Мұндай тәсіл пайыздық мөлшерлеме сол күйінде қалған күннің өзінде ай сайынғы қаржылық жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Дұрыс шешім қабылдауға көмектесу үшін біз қысқаша нұсқаулық дайындадық.
Кредит мерзімін ұзартуды келесі жағдайларда таңдаңыз:
- Қаржылық қиындықтарыңыз уақытша болса (сіз оларды 1–3 ай ішінде шешемін деп жоспарласаңыз);
- Сізде бір ғана кредит бар және ол бойынша көмек қажет болса;
- Жақын арада қаржылық жағдайыңыз тұрақталады деп сенімді болсаңыз.
Қайта қаржыландыруды келесі жағдайларда таңдаңыз:
- Ай сайынғы төлемді ұзақ мерзімге азайтқыңыз келсе;
- Бірнеше кредитіңіз болса (оның ішінде басқа банктерден алынған) және олардың төлем кестесін бақылау сізге ыңғайсыз болса;
- Қолданыстағы кредитіңізге қарағанда пайыздық мөлшерлемесі одан да тиімді ұсыныс тапсаңыз;
Қиын жағдайларда дұрыс әрі тиімді түрде әрекет етуге көмектесетін бірнеше практикалық кеңестермен бөлісейік.
Банкке алдын ала хабарласыңыз. Төлем мерзімдерін кешіктіргеніңіз үшін банк сізге қоңырау шалатын кезді күтпеңіз. Қиындықтар туындаған жағдайда бірден менеджеріңізге хабарласыңыз. Банк алдын ала жүгінген клиенттерге көмектесуге тырысады.
Жағдайды жан-жақты бағалаңыз. Өз мүмкіндіктеріңізді талдаңыз. Егер табысыңыздың ұзақ уақытқа төмендегенін түсінсеңіз, бірден қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастырған жөн.
Қосымшаны пайдаланыңыз. home.kz мобильді қосымшасы арқылы төлем кестесін бақылап, өз қаржыңызды басқарыңыз. Сонымен қатар қосымша арқылы қолдау қызметімен жылдам байланысып, қажетті кеңес алуға болады.
Сұрақ: Кредит картасы бойынша жеңілдетілген кезеңнен максималды пайда алу үшін не істеу керек?
Жауап: Қарызды өтеу бойынша максималды мерзім алу үшін үлкен шығындарыңызды есептік кезеңнің басына жоспарлауға тырысыңыз. Мысалы, егер есептік кезең 1-інен басталса, ал сатып алуды 2-сі жасасаңыз, сізге төлемді өтеуге максималды мерзім, яғни шамамен 50 күн беріледі. Ал егер сатып алуды айдың соңында, мысалы, 29-ы жасасаңыз, қарызды өтеуге небәрі 20 күн шамасында ғана уақыт қалады.
Сұрақ: Менде қаржылық қиындықтар туындады. Кредитті уақытында төлей алмай қалам ба деп қорқамын. Ең алдымен не істеуім керек?
Жауап: Ең бастысы — келесі төлемді уақтылы өтеу қиын болатынын түсінсеңіз, банкке алдын ала хабарласып, мәселені ертерек шешуге тырысу керек. Төлем мерзімдерін кешіктіргеніңіз үшін банк сізге қоңырау шалатын кезді күтпеңіз. Банк алдын ала әрекет ететін және қиындық туындаған жағдайда бірден менеджерлерге хабарласатын клиенттерге көмектесуге тырысады.
Сұрақ: Мен уақытша қаржылық қиындықтарға тап болдым, әрі менде тек бір кредит бар. Маған қандай шешім тиімді болады? Қайта құрылымдау ма әлде қайта қаржыландыру ма?
Жауап: Мұндай жағдайда сізге қайта құрылымдауды таңдау қажет болады. Бұл қысқа мерзімді әрі уақытша қиындықтарды шешуге арналған құрал. Қайта құрылымдау бір кредит бойынша ғана көмек қажет болған кезде тиімді болады.
Сұрақ: Менің бірнеше, оның ішінде басқа банктерден алынған кредитім бар. Ай сайынғы төлем жүктемесін ұзақ мерзімге азайтқым келеді. Маған нені таңдау керек?
Жауап: Сізге қайта қаржыландыруды таңдау керек. Бұл құрал тіпті әртүрлі банктерден алынған бірнеше кредитті бір жаңа кредитке біріктіруге мүмкіндік береді. Қайта қаржыландыру ай сайынғы төлемді ұзақ мерзімге азайтқысы келетін жандар үшін тиімді шешім болады. Барлық кредиттерді бір кредитке біріктіру қаржыны басқару процесін айтарлықтай жеңілдетеді.



