Бүгін банктен кредит алу әрекеті үйреншікті іске айналып барады, бұл таңқаларлық жайт емес. Егер белгілі бір қажеттілікке байланысты ақша керек болса, біз қажет соманы алу үшін банкке жүгінеміз. Бірақ кейде банктер кредит беруден бас тартады, мұның айтарлықтай себебі болмауы да мүмкін.
Осы сәтте «мен ай сайын жоғары табыс табамын, кредиттік тарихым да жақсы» деген ойлар мазалап, салдарында «неге банк маған кредит бермеді» деген сұрақ туындайды.
Оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Жиі айтылатын себептерді қарастырайық.
№1 себеп. Жағымсыз кредиттік тарих.
Клиенттің төлем тәртібін көрсететін жағымсыз кредиттік тарих кредит беру кезінде әсер етуі мүмкін. Кредиттер бойынша ағымдағы кешіктірулер, төленбеген айыппұлдар мен алимент бойынша берешектер бас тартудың ең көп таралған себебі болып табылады.
Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды тексеріңіз, берешектің жоқ екеніне көз жеткізіңіз.
2. Зейнетақы аударымдарының болмауы.
Зейнетақы аударымдарының болмауы немесе олардың жеткіліксіз деңгейі Сіздің табысыңыздың тұрақтылығына күмән тудыруы мүмкін.
3. Өзіңіз туралы жалған ақпарат.
Кредиттік өтінімде дұрыс ақпарат көрсетілмеген жағдайда, банк қарыз алушы туралы жалған ақпаратты алаяқтық әрекет деп тануы мүмкін.
4. Клиенттің Банк талаптарына сәйкес келмеуі.
Банк пен тиісті кредит шарттарымен мұқият танысыңыз, Сіз қандай да бір белгілер бойынша сәйкес келмеуіңіз мүмкін. Мысалы, жас ерекшелігі бойынша. Әдетте қарыз алушылардың жасы: 21 жасқа толған және 63 жастан жоғары болмауы тиіс.
5. Кредит сомасы тым жоғары
Барлық кредиттеріңіз бойынша төлемдердің жалпы сомасы сияқты белгіге назар аударыңыз. Ол ай сайынғы табыстың 50-60%-ынан аспауы тиіс.
Егер Сіз қазіргі қаржылық мүмкіндіктеріңізге сәйкес келмейтін кредит сомасын сұрасаңыз, Сіз ағымдағы міндеттемелеріңіздің бір бөлігін төлегенге дейін немесе табыс деңгейіңізді көтермейінше Банк кредит беруден бас тартуы мүмкін.
6. Скоринг нәтижелері бойынша төмен ұпай
Сондай-ақ, «скоринг» деп аталатын қарыз алушының төлем қабілетін автоматтандырылған бағалау нәтижелері бойынша төмен ұпай алу қаупі бар. Бұл жүйе толығымен автоматтандырылған және оның нәтижелері банк қызметкерлері мен басқа да бөгде факторларға тәуелді болмайды.
Кредит алу және кредитке қызмет көрсету әрекеттеріне аса жауаптылықпен қараңыз. Осы әрекеттерге байланысты клиенттің кредиттік тарихы қалыптасады, егер кредиттік тарихыңыз жағымсыз болса, ол болашақта кредит беру шешіміне теріс әсер етуі мүмкін.