Бүгінгі күні кредит алмаған тұлғалар жоқтың қасы. Сондықтан бәрімізде де кредиттік тарих бар. Көбіміз банктік өнімдерді пайдаланамыз: тауарларды бөліп төлеуге ресімдейміз, белгілі бір мақсаттарға қарыз аламыз. Банкпен осындай қарым-қатынасымыз кредиттік бюроларда сақталады.
Кредиттік тарих – қандай да бір банктен кемінде бір кредит алған тұлға туралы ақпарат. Мұндай ақпарат ақшаны қайтару мерзімі мен кешіктірулерді қамтиды.
Сондықтан жағымды кредиттік тарихты қалыптастыру өте маңызды. Жағымсыз кредиттік тарихы бар тұлғаларға кредит беруден бас тартылады. Ағымдағы қарыз мерзімін өткізіп алу, кредитті мерзімінде өтемеу, яғни қарыз алушының тәртіпсіздігі бойынша барлық белгілер кредиттік тарихта көрсетіледі және бұл мәліметтер клиент кредит алуға жүгінген банкке қолжетімді болады. Егер кредиттік тарихыңыз болмаса, бұл да кредит беру мүмкіндігін төмендетеді.
FinClass айдарының сарапшылары кредиттік тарих дегеніміз не, оның әсері мен жағымды кредиттік тарихты қалыптастыру жолдарын айтты.
«Әрине, клиент жағымды кредиттік тарихты қалыптастыру өте маңызды екенін есте сақтауы тиіс. Банк үшін кредиттік тарих – бұл сіз жайында мәлімет беретін сіздің визит карточкаңыз. Кредиттік тарихыңызды зерттей отырып, банк қарыз беру немесе бермеу шешімін қабылдайды. Бұл ретте банк қызметкерлерін алдау мүмкін емес. Қандай банкке жүгінсеңіз де, ол сұрау арқылы сіздің кредиттік тарихыңызға қол жеткізе алады. Бұл қарыз алушының қаржылық міндеттемелер бойынша жауапкершілік деңгейін және оның қаржылық жүктемесін тексеру үшін жасалады.
Кредиттік тарих барлық қажетті ақпаратты қамтиды: кредит мерзімі мен сомасы, уақтылы өтелген және өтелмеген төлемдер, басқа банктердегі кредит сұраулары — мұндай ақпарат кредиттік тарихтың бірыңғай деректер базасына енгізіледі және бірінші кредиттік бюрода сақталады.
Егер сізге кредит беруден бас тартылса, кредиттік тарихыңызды тексеріңіз. Бас тарту себептері мынадай болуы мүмкін:
1. Сіздің кредиттік тарихыңыз жаңартылмады. Мысалы, сіз кредитіңізді өтедіңіз, бірақ кредиттік тарихта оның мәртебесі «белсенді» болуы мүмкін, бұл жағдайда банк кредит беруден бас тартуы мүмкін.
2. Жағымсыз кредиттік тарих. Мұндайға жол бермеу үшін кредитіңізді уақтылы төлеңіз, себебі төлемдер бойынша кешіктірулер мақұлдау процесіне теріс әсер етеді.
3. Кредит алуға сан рет жүгіну. Әсіресе, егер сізге кредит беруден бас тартылса. Кредит жүктемесі төмендегенше жаңа кредит алуға немесе кредит картасын шығаруға сұрау салмаңыз. Сәл күте тұрыңыз.
Сондай-ақ жағымсыз кредиттік тарихты түзетуге болатынын атап өтеміз. Кредиттік тарих әр 3-4-5 жыл сайын толығымен жойылады деген пікір бар, бірақ олай емес. Түзетуге бола ма? Әрине болады. Ол үшін банк немесе банктер алдындағы барлық берешегіңізді өтеңіз. Бірақ кредиттік тарихты толығымен жою мүмкін емес!
Кредиттік тарихыңызды толығымен жоюға көмектесеміз сынды ғаламтордағы хабарламаларға жауап бермеңіз. Мұны заңды түрде жасау мүмкін емес. Сіз алаяқтарға тап болып, ақшаңыз бен уақытыңызды жоғалтуыңыз әбден мүмкін».