Қаржылық қауіпсіздік қоры не үшін қажет және оны қалай жасауға болады?
Қаржы кеңесшісі Наталья Тимошкина: «Менің клиенттерімнің бірі қиын жағдайға түсіп, маған консультацияға келді. Ол коронавирус кезеңінде жұмыстан айырылып, кредиттерін төлей алмай жүрді. Бұл адам жақсы лауазымға ие болған, сыртқы экономикалық қызметпен айналысқан. Бірақ компания пандемия кезінде жабылып, қызметкерлер жұмыстан шығарылды. Басында ол жаңа жұмыс орнын табамын деп ойлады. Бірақ сол кезеңде нарықтағы жағдай қиын болды. Сондықтан оның қызметі сұранысқа ие болмаған. Ал отбасын асырау үшін ақша қажет болды. Бастапқы уақытта ол достарынан, таныстарынан қарызға ақша алып тұратын. Бірақ ол ақшаны қарызға жиі ала бергеннен, достары оны қонаққа шақырмай кетті. Нәтижесінде ол әйгілі мейрамханаға жұмысқа шығуға мәжбүр болды. Егер оның қаржылық қауіпсіздік қоры болса, онда ол, біріншіден, мұндай жұмысқа бармай, өзінің кәсіби тәжірибесіне сәйкес жұмысты табар еді. Ал екіншіден, қарыздарға батпас еді». |
Әр адамға мәртебесі мен жалақы деңгейіне қарамастан қаржылық қор қажет.
Бұл мақала нұсқаулық емес, ақша жинау бойынша ұсыныс болып табылады. Ақшаны қалай басқаруды, қандай соманы жинауды өзіңіз шешесіз. Есіңізде болсын, кез келген инвестиция — бұл тәуекел. |
Қаржылық қауіпсіздік қорының мөлшері қандай болуы керек?
Бұны есептеу үшін кез келген адам ұшырауы мүмкін ең қиын жағдайды ескеру қажет. Көбінесе бұл жұмысынан айырылу болып саналады.
Статистикаға сәйкес жұмыстан шығарылғаннан кейін жаңа жұмыс орнын табу үшін шамамен 2-3 ай қажет. Сондықтан кем дегенде 2-3 айлық соманы жинап қою қажет. Есептеуді жалақы бойынша емес, шығындар бойынша жасау керек. Ол үшін барлық тұрақты төлемдерді ескеру қажет.
Мысалы, Арлан жалғыз тұрады. Ол көлік айдайды, пәтер жалдайды және смартфон үшін кредит төлейді. Ол өзінің ай сайынғы шығынын келесідей санайды:
- Пәтерді жалға алу — 100 мың ₸.
- Коммуналдық төлемдер — 10 мың ₸.
- Кредит — 20 мың ₸.
- Азық-түлік — 60 мың ₸.
- Бензин және машинаға қызмет көрсету — 45 мың ₸.
Нәтижесінде Арланның бір айлық шығыны 235 мың ₸ құрайды. Бірақ біз тек міндетті шығындарды есептедік. Егер сіз жұмыстан айырылған кезде бұрынғы өмір сүру деңгейін сақтағыңыз келсе, ойын-сауық сияқты басқа шығындарды да ескерген жөн.
Адамның жасы өскен сайын жинайтын ақша сомасы да өсу қажет.
- 20-35 жас аралығында 3-4 айлық шығындарды өтейтін ақша сомасын жинау керек.
Бұл жастағы адамдар нарықта сұранысқа ие, сондықтан олар тез жұмыс таба алады. Қажетті соманы жинаған кезде басқа да құралдарды қолданып, қауіпсіздік қорын жасауға болады.
- 35-45 жас аралығында 6-7 айлық (кем дегенде алты ай) шығындарды өтейтін ақша сомасын жинаған дұрыс.
Жас өскен сайын шығындар саны артады: әдетте, бұл жастағы адамдардың өз отбасылары мен балалары болады, көптеген адамдар ата-аналарын асырап, оларға қамқорлық жасайды. Егер сіз қазірдің өзінде жоғары лауазымға ие болсаңыз, кейін мұндай жұмысты табу қиынға соғады. Сондықтан неғұрлым көп ақша жинасаңыз, соғұрлым тиімді болады.
- 45-50 жас аралығында одан да көп соманы, яғни 10-12 айлық шығындарды өтейтін ақша сомасын жинау ұсынылады.
Осы жаста кенеттен жұмыстан айырылсаңыз, басқа жұмысқа орналасу қиын болады. Көбінесе компаниялар мұндай жастағы адамдарды жұмысқа қабылдауға дайын болмайды. Сондықтан өз қызметтеріңізді нарықта сатуды үйрену үшін біраз уақыт қажет болады. 10-12 айлық шығындарды өтейтін ақша сомасы сізге өз құзыреттеріңізге сәйкес келетін жұмыс іздеуге мүмкіндік береді.
Жаңа жұмысқа кіріп, табыс деңгейін қалпына келтіргеннен кейін, қаржылық қорды дереу түрде қажетті сомаға дейін қайта толықтыру керек. |
Қаржылық қауіпсіздік қорын қалай жасауға болады?
Ең алдымен ақша жинауды үйрену керек. Бұл туралы біз басқа мақаламызда толығырақ жазған болатынбыз. Бастапқыда табыстың 5-10%-ын жинауды бастаңыз.
Сарапшы, қаржы кеңесшісі Наталья Тимошкина: «Іс жүзінде жинау қажет нақты пайызды есептеу қиын болуы мүмкін, өйткені ақша жинау бәрінің қолынан келе бермейді. Сондықтан адамдар бастағысы да келмейді. Бірақ сонда да тырысу қажет. Қауіпсіздік қорына кем дегенде 5 мың ₸ салып қойыңыз. Бірте-бірте көбірек соманы салатын боласыз. Нәтижесінде қажетті соманы жинайсыз». |
Ақша жинау әдеті қалыптасқан кезде, соманы көбейткен дұрыс — ақша қоры ешқашан артық болмайды.
Жинақтарды қайда сақтау керек?
Қолма-қол ақшаны сақтау дұрыс емес. Ақша күн сайын құнсызданады. Сонымен қатар қаржылық қорды сақтау үшін кез келген уақытта қажетті соманы алуға мүмкіндік беретін құралдарды ғана пайдалану керек.
Ең жақсы нұсқа — депозит ашу: ол ақшаны инфляциядан қорғайды. Бірақ икемді шарттарды таңдау керек. Мысалы, кейбір салымдардың шарттары бойынша, егер сіз ақшаны мерзімінен бұрын алсаңыз, онда есептелген пайыздар жоғалады. Home Credit Bank-те табысты жоғалтпай мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі бар депозит ашуға болады. Депозиттің бұл шарттары өте тиімді болып табылады. Ақша қоры өсу үшін салымды үнемі толықтыруға болады.
Қаржы қорын қалыптастыру үшін қандай құралдарды пайдалануға болмайды? Бұл туралы қаржы кеңесшісі Наталья Тимошкина айтып берді: «Қаржылық қор — инвестициялар үшін емес. Оны алтын немесе басқа қымбат металл ретінде сақтамаған жөн. Өйткені оны болжау қиын болады. Әрине, табысқа шығуға болады, бірақ бірден емес. Бұл ретте капиталды жоғалтып алу қаупі де бар. Осы себептерге байланысты қаржылық қордың орнына инвестициялық портфельді жинау дұрыс емес. Қағаздардың құнын болжау мүмкін емес, сондықтан шығынға ұшырау қаупі жоғары». |
Қаржылық қауіпсіздік қорын қалай толықтыруға болады?
Кредит карталары. Кредит картасын қауіпсіздік қорына қосымша түрде ашқан дұрыс. Ол күтпеген шығындар кезінде көмектеседі. Мысалы, анализдерді төлеу немесе тұрмыстық техниканы жөндеу қажет болады. Бұл жағдайларда қауіпсіздік қорынан ақша алмай, кредит картасын пайдалануға болады. Бірақ ұзақ пайызсыз кезеңі бар кредит картасын таңдап, ақшаны жоғалтпау үшін қарызды уақытында төлеу маңызды.
Сақтандыру. Сақтандыру күтпеген жағдайлардан қорғайды. Сіз қатты ауырып қалсаңыз, пәтеріңізді су басса немесе көлігіңіз апат кезінде зақымданса — барлық шығындарды сақтандыру компаниясы өтейді. Ең алдымен, өмір мен денсаулықты, сондай-ақ мүлікті сақтандыруды қарастыру қажет. Сақтандыру туралы толық ақпаратты біздің басқа мақаламыздан білсеңіз болады.
Қаржылық қауіпсіздік қоры туралы негізгі ақпарат
- Егер сіз жұмыстан айырылған кезде немесе ауруға байланысты ақшасыз қалғыңыз келмесе, қауіпсіздік қорын жинау қажет. Кенеттен тоңазытқышты жөндеу немесе телефон сатып алу қажет болса, яғни күтпеген шығындар үшін ақша қоры қажет болады.
- Жинау қажет ақша сомасы ай сайынғы шығындарға байланысты есептеледі. Ол үшін азық-түлік, көлік және басқа да тұрақты шығындарды қосу керек. Егер сіз әлі 35 жасқа толмасаңыз, 3-4 айлық шығындарды өтейтін ақша сомасын жинау жеткілікті болады. Жас өскен сайын көбірек ақша жинауға тырысыңыз.
- Жинақтар үшін ақша алу және толықтыру мүмкіндігі бар депозит немесе жинақтау шотын пайдаланған жөн.
- Қаржылық қор жинау үшін инвестициялық құралдарды пайдаланбаған дұрыс: ақша қажет болғанда, бағам төмен болуы мүмкін. Нәтижесінде сіз капиталдың бір бөлігін жоғалтасыз. Инвестициялауды қаржылық қор жиналған кезде ғана бастаған жөн. Бұл кезде инвестициялық құралдардың кең таңдауы болады.