Инфляция дегеніміз не?
Инфляция — бұл экономикадағы жалпы баға деңгейінің тұрақты өсуі. Инфляция нәтижесінде ақша біртіндеп өз құнын жоғалтады, яғни оның сатып алу қабілеті төмендейді. Ол дегеніміз, белгілі бір сомаға сіз бұрынғыға қарағанда аз тауарлар мен қызметтерді сатып ала аласыз.
Мысалы, сіз дүкенге келіп 10 000 ₸ сомасына азық-түлік сатып алдыңыз. Егер жылдық инфляция 20% деңгейінде болса, онда дәл сол тауарлардың құны енді 12 000 ₸ болады. Бірақ бұл маусымдық бағаның өсуі емес, бұл тұрақты және динамикалық процесс.
Инфляция көбінесе девальвациямен шатастырылады. Девальвация — бұл ұлттық валюта бағамының төмендеуі. Бұл бір-бірімен байланысты әртүрлі экономикалық процестер. Девальвация инфляцияға әкелуі мүмкін, өйткені импорттық тауарлар қымбаттайды. Инфляция кезінде ақша құнсызданады, сұраныс төмендейді, яғни шетел валютасының бағамы өседі.
Инфляцияның себептері
Инфляция сыртқы және ішкі себептерге байланысты болады.
Ішкі себептер:
- Жоғары сұраныс — нарықтағы тауарларға қарағанда халықтың ақшасы көп. Бұл жағдай халықтың кірісі өскен сайын немесе тауарлардың тапшылығы кезінде орын алады. Сұраныс артқан сайын бағалар өсіп, инфляция деңгейі жоғарылайды.
- Шығындардың өсуі. Кейбір жағдайларда тауарларды өндіру үшін компанияларға көбірек ақша қажет болып тұрады. Ол салықтардың, энергия тасымалдаушылардың бағаларының өсуіне, валюта бағамының өзгеруіне байланысты болады. Шығындарды өтеу үшін өндірушілер бағаларды көтереді.
- Ақша саясаты. Мемлекеттің шығыстары өскен кезде Ұлттық банк айналымға көбірек ақша шығарады. Нақты тауарлармен қамтамасыз етілмеген ақша мөлшері өзінің құнын жоғалтып, инфляцияның пайда болуына әкеледі.
Сыртқы себептер:
- Импорт бағасының өсуі. Әлемдік нарықтардағы шикізат, азық-түлік бағаларының өсуі ел ішіндегі бағаларға әсер етуі мүмкін;
- Экономикалық және саяси тұрақсыздық — табиғи апаттар, соғыстар, дағдарыстар экономикаға теріс әсер етеді. Олар ұлттық валютаның құнсыздануына, тауар тапшылығына және бағалардың өсуіне әкеледі.
Бағалар себепсіз де өсуі мүмкін. Бұл құбылыс «кіріктірілген» инфляция деп аталады. Экономикалық тұрақсыздық кезеңінде адамдар тауарларды артығымен сатып алады. Бұл да сұранысты көтеріп, олардың бағасын өсіреді.
Инфляция түрлері
Инфляция бағалардың өсу қарқынына байланысты бірнеше түрлерге бөлінеді:
- Бірқалыпты — бағалар жылына 1%-дан 3%-ға дейін өседі. Экономика үшін бұл қалыпты көрсеткіш болып саналады.
- Сырғымалы — инфляция 3-10% деңгейінде болады және үлкен экономикалық күйзелістерге әкелмейді. Бұл инфляция түрін әлі де басқаруға болады.
- Өршімелі инфляция — бағалардың өсуі жылына 10%-дан 100%-ға дейінгі деңгейде болады. Бұл дағдарысқа әкелуі мүмкін күрделі мәселе.
- Гиперинфляция — бұл инфляцияның экстремалды түрі, онда бағалар жылына жүздеген және мыңдаған пайызға өседі. Ұлттық валюта өз функцияларын орындауды тоқтатады, жинақ ақша барлық құндылығын жоғалтады, кедейлік пен жұмыссыздық деңгейі күрт өседі. Бұл жағдайда елдің саяси тұрақтылығына зиян келтірілуі мүмкін.
Көріну формасы бойынша инфляция түрлері:
- Бағалар нарықтың әсерінен қалыптасқан жағдайда - ашық инфляция. Бағалар еркін түрде өсіп, сұраныс пен ұсыныс арасындағы қатынаспен реттеледі. Мемлекет инфляцияның болуын мойындайды, оны ресми деректер мен статистикада көрсетеді және оны тек нарықтық әдістермен реттейді.
- Жасырын инфляция — баға деңгейін мемлекет бақыламайды, тауарлардың нақты құны нарықтық құнына сәйкес келмейді. Сондықтан бұл жағдайда бағаны өзгертпеу үшін өндірушілер тауарлардың сапасы мен мөлшерін азайтуға мәжбүр болады. Кейбір жағдайларда тіпті өндірісті тоқтатып, тауар тапшылығын тудыруға тура келеді. Инфляцияның бұл түрі ресми статистикада жоқ, бірақ ол тауарлардың сапасына, олардың саны мен нарықтағы қолжетімділігіне теріс әсер етеді.
Инфляцияның салдары
Ақшаның өз құндылығын жоғалтуы әртүрлі салдарға әкелуі мүмкін. Мысалы, орташа инфляция экономиканың дамуына үлес қосады.
- Тұтынушылар өз ақшаларын тауардың бағасы төмендегенге дейін жұмсауға тырысады. Тауарлар мен қызметтерге сұраныс өседі. Компаниялар өндіріс көлемін ұлғайтады.
- Кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары пайда болады. Олар еңбек нарығындағы жағдайды жақсартады.
- Бұрын алынған кредиттердің құны және ұзақ мерзімді қарыздарды ресімдеген қарыз алушылардың борыштық жүктемесі төмендейді.
- Жылжымайтын мүлік пен бағалы қағаздардың бағасы өсе бастайды. Бұл активтердің иелері қосымша пайда көруі мүмкін.
Бірақ инфляция деңгейі өте жоғары болса, халықтың өмір сүру деңгейі төмендейді, экономикалық тұрақсыздық пайда болады және ол бизнес пен инвестицияларға теріс әсер етеді. Сондықтан өршімелі инфляция мен гиперинфляцияның кемшіліктері әлдеқайда көп:
- Ақшаның сатып алу қабілеті төмендейді.
- Халықтың, әсіресе кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдардың өмір сүру деңгейі төмендейді.
- Депозиттер мен жинақ шоттарындағы қаражат құнсызданады.
- Өндіріс шығындары артып, компаниялардың пайдасы төмендейді.
- Кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық деңгейі өсе бастайды.
- Инфляциямен күресу үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтереді, оның нәтижесінде кредиттер бойынша пайыздар өседі.
Жоғары инфляция салдарынан экономикада және қаржы нарықтарында тұрақсыздық пайда болады. Сондықтан мемлекет оның деңгейін бақылауға тырысады.
Инфляцияны кім және қалай өлшейді?
Қазақстандағы инфляцияны өлшеумен Ұлттық статистика бюросы айналысады. Оның қызметкерлері елдің әртүрлі аймақтарындағы тауарлар мен қызметтердің бағасы туралы ақпарат жинайды. Осы мәліметтер негізінде олар тұтыну бағаларының индексін (ТБИ) есептейді. Ол белгілі бір уақыт аралығында тұтыну қоржынындағы тауарлардың бағалары қаншалықты өзгергенін көрсетеді.
Тұтыну қоржыны — бұл адамның қалыпты өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін қажетті тауарлар мен қызметтердің минималды жиынтығы. Оған негізгі азық-түлік, киім, тұрғын үй, коммуналдық қызметтер, көлік, медицина және басқа да шығындар кіреді. Қазақстандағы тұтыну қоржынының құны ең төменгі күнкөріс деңгейімен сәйкес келеді. 2024 жылы ол 43 407 теңгені құрайды.
Бюро ай сайын тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің бағаларын бақылап, олардың әрқайсысы бойынша жеке баға индексін (ЖБИ) есептейді:
мұндағы Ба және Бб — ағымдағы және базалық кезеңдегі тауардың бағасы: өткен айда немесе өткен жылы.
Мысалы, өткен айда он жұмыртқаның құны 500 ₸ болды, ал осы айда ол 540 ₸ тұрады.
Ол дегеніміз, бұл өнім 8%-ға қымбаттады.
Содан кейін барлық көрсеткіштер жиналып, тұтыну бағаларының бірыңғай индексі (ТБИ) есептеледі.
Мысалы, 2024 жылы ақпанда ТБИ ҚР Статистика бюросының деректері бойынша 2023 жылғы ақпанға қарай 109,3% болды. Оның негізінде инфляция деңгейі есептеледі.
Ол дегеніміз 2024 жылғы ақпанда Қазақстанда инфляцияның өсуі өткен жылдың ақпанымен салыстырғанда 9,3% деңгейінде болды.
Инфляцияны төмендету шаралары
Инфляцияны төмендету — мұқият жоспарлау мен стратегияны қажет ететін күрделі процесс. Егер мемлекет көбірек ақша басып шығарса немесе бағалардың өсуін тоқтатса, бұл мәселені шешуге көмектеспейді. Тауарлар мен қызметтердің саны өзгермей, үлкен ақша мөлшері гиперинфляцияға әкеледі. Бағаларды көтеруге тыйым салу кәсіпорындарды банкроттыққа әкеледі. Инфляцияның өсуін басқа әдістермен тоқтатуға болады. Мысалы:
- Ақша-кредит саясаты. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтереді. Кредиттер қымбаттайды, ақша сұранысы төмендейді, демек инфляция деңгейі де төмендейді.
- Бюджет-салық саясаты. Мемлекет іскерлік белсенділікті төмендету үшін бизнес үшін салықтарды көтеріп, мемлекеттік бюджет шығындарын азайтады.
- Валюта бағамын реттеу — ұлттық валютаны нығайту импорт құнын төмендетеді.
- Инфляциялық таргеттеу. Ұлттық банк инфляцияның мақсатты деңгейін белгілейді және осы деңгейге жету үшін оған қолжетімді барлық құралдарды пайдаланады.
Бірақ инфляцияны төмендетудің нақты белгілі бір тәсілі жоқ. Әр мемлекет өз стратегиясын таңдайды. Бірақ оларды таңдаған кезде мұқият болу қажет.
Жоғары инфляция кезінде ақшаны қалай сақтауға болады?
Жоғары инфляция кезінде ақша құнсызданады. Сондықтан оны үйде немесе пайыздар есептелмейтін шотта сақтау тиімді емес. Ақшаны сақтап және табыс алуға көмектесін тәсілдер төменде келтірілген:
- Жылжымайтын мүлікке ақша салыңыз. Әдетте оның құны өсіп, инфляциялық тәуекелдерден асып түседі.
- Бағалы қағаздарды сатып алыңыз. Инвестицияның бұл түрінің тәуекел деңгейі жоғары болып саналады, бірақ инфляция кезінде жоғары табысты әкелуі мүмкін;
- Банктік депозиттер туралы ұмытпаңыз. Бұл ақша сақтаудың ең қарапайым әрі сенімді әдісі. Жоғары пайыздық мөлшерлемелері бар қысқа мерзімді салымдарға назар аударыңыз. Home Credit Bank-тің күнделікті капиталдандыруы және жылдық кірісі 16,7%-ға дейінгі «Сберегательный Хоум» депозиті ақшаңызды инфляциядан сақтауға көмектеседі.
- Алтын және басқа да бағалы металдарды сатып алыңыз. Олардың бағасы әдетте инфляцияның өзгеруімен байланысты емес.
Қаржы құралын таңдау сіздің мақсаттарыңызға және елдегі экономикалық жағдайға байланысты болады. Бірақ ақшаны сақтап, тіпті пайда алуға да болады. Дұрыс шешім қабылдау үшін инфляцияның не екенін түсіну маңызды.