Бұл мақала нақты нұсқаулық емес, ұсыныс болып табылады. Ақшаны қалай басқаруды, қандай соманы жинауды өзіңіз шешесіз. Есіңізде болсын, кез келген инвестиция — бұл тәуекел. |
Кімді қаржылық сауатты деп айтуға болады?
Қаржылық сауатты адамның кредиттері жоқ және көп ақша табады деген пікірлер бар. Ал қаржылық сауатсыз адамдар, тиісінше, аз ақша тауып, қарызға батады деп айтады.
Бірақ іс жүзінде олай емес. Адамның қысқа және ұзақ мерзімді мақсаттары болса және олардың барлығын жүзеге асыру үшін жеткілікті білімі мен құралдары болса, сондай адамды қаржылық сауатты деп айтуға болады.
Мысалы, Арлан — жетекші маман, оның табысы орташа деңгейден жоғары. Оның қарыздары жоқ, бірақ ол бес жыл бойы мұхитқа баруды армандайды. Негізі оның ақшасы бар, бірақ ол үнемі басқа нәрселерге кетеді. Мысалы, машина сынып қала береді, досы қарызға ақша сұрайды немесе VR-шлем сатып алғысы келеді. Арлан ақша жинай алмайды, кредит алудан қорқады: кредит бойынша артық төлемдер сомасы жоғары деп ойлап, ал тұрақты төлемдер оны уайымға салады.
Омардың жалақысы орташа және ипотекасы бар, бірақ ол жыл сайын демалысқа барады. Өйткені оның қарызды өтеу стратегиясы және жинақ ақшасы бар. Ол өз шығындарын жоспарлайды, сондықтан демалысқа ақша жинай алады.
Қаржылық сауатты адам қаржы құралдарын дұрыс пайдалануды біліп, болашаққа сенімді бола алады.
Неліктен қаржылық сауатты болу керек?
Әркімнің өз себептері бар. Мысалы:
- Қаржылық мақсаттарға жету — қарыздарды өтеп, көлікке ақша жинап, бизнеске ақша салу.
- Уайымдамау — қауіпсіздік қоры, жинақ ақша және қандай да бір жоспар болса, қиындықтардан өту оңай болады.
- Ақшаны инфляциядан да, алаяқтардан да сақтау.
- Шығындарды жоспарлау.
- Қажеттіліктерге жұмсай алатын қосымша ақша жинау.
Сіздің де өз себебіңіз болуы мүмкін.
Қаржылық жағдайыңызды қалай бағалауға және жақсартуға болады?
Қаржылық сауатты болудың көптеген жолдары бар. Ол үшін қаржылық жағдайды талдап, оны қалай жақсартуға болатынын қарастыру керек. Біздің келесі ұсыныстарымызға назар аударыңыз.
1. Сіздің активтеріңіз бен міндеттемелеріңіздің сәйкестігін анықтаңыз.
Активтерге қолма-қол ақша, көлік, пәтер, бағалы металдар және т.б. жатады. Бұл ретте активтердің қазіргі құнын ескеру қажет.
Міндеттемелер — бұл сіздің банкке, мемлекетке, досыңызға қарыздарыңыз.
Қаржылық жағдайды бағалау кезінде активтерден міндеттемелерді алып тастап, есептеу керек. Егер сан теріс мәнде немесе нөлге жақын болса, жағдай қиын.
👉 Жағдайды қалай жақсартуға болады? Шығындарды қысқартуға, кірістерді көбейтуге, ақша үнемдеуге, пайыздар бойынша артық төленетін кредиттердің бір бөлігін өтеуге болады. Бірақ жұмыс істеп, өмірден ләззат алуды да ұмытпаңыз.
2. Табысыңызды бағалап, оны шығындармен салыстырыңыз.
Барлық кірістерді жинаңыз: жалақыны, қосымша табысты және жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін табысты, депозиттер бойынша пайыздарды және кэшбэкті есептеңіз. Табыстың динамикасына талдау жасаңыз. Ақша жетіп жатыр ма? Кредит немесе достарыңыздан қарызға ақша алудың қажеті жоқ па? Ақша жинай аласыз ба?
👉 Жағдайды жақсарту үшін ең алдымен шығындар мен кірістерді реттеу керек. Ол үшін келесі тәсілдерді қолданыңыз:
- Бюджетті жоспарлаңыз. Кірістер мен шығыстарды кестеге немесе арнайы қосымшаға енгізіп бақылаңыз. Бұл ақшаның қайда жұмсалып жатқанын түсінуге және қажетсіз немесе жоспардан тыс шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша қарызды тезірек төлеп, оқуға немесе саяхаттауға ақша табуға болады.
- Қосымша ақша табу жолдарын қарастырыңыз. Бюджетті жоспарлау әрдайым көмектеседі, бірақ сонда да кейде ақша жеткіліксіз болуы мүмкін. Негізінен жайлы өмір сүру үшін табыс үнемі өсіп отыруы керек.
Өз салаңыз бойынша кірісті арттыру үшін не істей алатыныңыз туралы ойланыңыз. Жұмыссыз қалсаңыз, сізде жоспар болу керек. Ертең не болатынын ешкім білмейді, сондықтан жоспар құру маңызды болып табылады.
Еңбек нарығын зерттеп, жоғары табыс көзін іздеңіз. Алдымен теориялық білім жинап алыңыз.
3. Кредиттік жүктемеңізді есептеңіз.
Тапқан ақшаңыздың көп бөлігі кредит төлеміне кететін болса, сол ақшаның мағынасы қалмай қалады. Мұндай жағдайға тап болмас үшін, сіздің жалпы табысыңыздың қанша пайызы кредит төлемдеріне кететінін есептеңіз. Егер сіздің табысыңыз 200 000 ₸ болса, ал кредит үшін 40 000 төлесеңіз, онда кредиттік жүктеме 20%-ды құрайды.
Негізінен кредит бойынша төлемдер кірістің 30%-ынан аспауы керек. Егер жүктеме одан жоғары болса, бұл қаржылық жағдайды нашарлатуы мүмкін. Сондай-ақ кредиттік жүктеме көрсеткіштерін банктер ескереді, сондықтан келесі кредит немесе ипотеканы алу қиын болуы мүмкін.
👉 Жағдайды жақсарту үшін кредиттің бір бөлігін тез арада төлеуге тырысыңыз. Бұл туралы біз басқа мақаламызда толығырақ жазған болатынбыз. Бұл үшін қайта қаржыландыру немесе кредиттік демалыс қажет болуы мүмкін.
4. Қаржылық қор жасаңыз.
Қаржылық қор — бұл күтпеген жағдайдайға арналған жинақ ақша. Мысалы, шұғыл түрде емделу, машинаны жөндеу қажет болса немесе жалақы кешіктірілсе, қаржылық қор көмектеседі. Әдетте қаржылық қор үш-алты айлық кірісті құрайды. Қаржылық қорды шотта немесе депозитте сақтаған дұрыс. Ақша кез келген уақытта қолжетімді болады. Бағалы қағаздар тиімді емес, өйткені оларды сату қиын.
👉 Жағдайды жақсарту үшін шамаға қарай ақша жинау керек. Бірден үлкен соманы жинау міндет емес. Басында кем дегенде 5% жинаңыз.
Келесі қадам — инвестициялар. Инвестициялар — бұл қаржылық сауаттылықтың келесі деңгейі. Алдымен қаржылық сауаттылықтың негіздерін біліп алып, содан кейін ғана инвестициялауға кіріскен жөн. Қарапайым құралдарды қолданып көріңіз. Home Credit Bank-те депозит ашыңыз. Депозитте ақша сақтауға, қосымша пайда табуға және қаржылық қорды жасауға болады. |
Қандай қателіктер жиі жіберіледі?
Негізгі қателіктерге келесілер жатады:
Өмірден қуаныш алмай, тек жұмыс істеу. Бұлай өмір сүру өте қиын. Әрине қосымша қаражатты талап ететін қиын жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ қиындықтар өтіп кетеді, сондықтан демалуды да ұмытпаңыз. Тек ақша туралы ойлау қаржылық сауаттылыққа әкелмейді.
Ескі төлемдерді өтеу үшін жаңа кредит алу тиімсіз. Табысыңыз бен кредиттік жүктемеңізді салыстырған дұрыс. Бірінші айда өтей алдыңыз делік, келесі айларда ше? Жаңа кредитті қалай төлейсіз?
Жоспарламау. Бюджетті жоспарлау өте тиімді. Ол бір айға қанша ақша қажет екенін және оны қайдан алуға болатынын анықтауға көмектеседі. Бұған дейін жоспарыңыз болмаса, бір айлық кірістер мен шығыстардан бастаған дұрыс. Содан кейін үлкен шығындарды қарастырасыз.
Қажетсіз шығындарды қысқартып, өзіңізді қатты шектеу. Әр адамның өзінің «қосымша» шығындары болады. Кейбір адамдар кофеден оңай бас тарта алады, ал басқалары үшін кофе ішу маңызды, олар басқа шығынды қысқартады. Сізге жақсы көңіл-күй сыйлайтын шығындарды алып тастамаңыз немесе олардың кем дегенде бір бөлігін қалдырыңыз. Әйтпесе өмір қызықсыз болады.
Қаржылық сауаттылық негіздері туралы тағы бір шолу жасайық
Қаржылық сауаттылық болашаққа сенімділікпен қарауға және ақшамен жақсы қарым-қатынас құруға көмектеседі. Қаржылық сауаттылық — бұл байлық пен жоғары табыс туралы емес.
Қаржылық жағдайыңызды бағалау және оған әсер ету үшін келесі факторларға назар аударыңыз:
- активтер мен міндеттемелер,
- кірістер мен шығыстар,
- кредиттік жүктеме,
- қаржылық қор.
Есіңізде болсын, инвестиция — бұл ақша салудың жақсы тәсілі, бірақ оны кейінірек қарастырған жөн. Инвестициялық құралдардың тәуекелдері бар. Сондықтан инвестицияны жинақ ақша болған кезде ғана қарастырасаңыз болады.