Home Credit Bank елордалық жедел жәрдем қызметкерлеріне медицина қызметкерлері күні қарсаңында жазғы киімдерді сыйға тартты. Stan.kz ақпарат агенттігі тілшісі шараға қатысып, игі істің куәсі болды.
Астана қаласының жедел жәрдем қызметкерлеріне 1750 форма сыйға тартылды. Оның 1300-і дәрігерлерге, 450-і көлік жүргізушілеріне берілді. Осылайша, Home Credit Bank елордалық жедел жәрдем қызметкерлеріне еңбектері үшін әрі азаматтардың өмірін сақтап қалуға күнделікті атсалысып жүргендері үшін алғыс білдірді.
Жыл басында банк Астанадағы дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне 1110 қысқы форма сыйға тартқан еді. Одан кейін банк өкілдері жазғы форма тігуге және олардың санын айтарлықтай көбейтуге уәде берген.
Ал банк төрағасының орынбасары Виктор Батрактың айтуынша, мұндай шара Алматы қаласында да жасалған.
"Қыста астаналық дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерін қысқы құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік, ал бүгін жазғы құрал-жабдықтарды таныстырып жатырмыз. Біз оны жұмыс киіміне қойылатын барлық талаптарға сай, мұқият жасадық. Home Credit Bank 2022 жылдан бері дәрігерлерге алғыс ретінде олардың қиын жұмыстарын орындауға көмектесу үшін қолдау көрсетудің жақсы дәстүрін қалыптастырды. Бүгінге дейін Астана мен Алматы қалаларының дәрігерлері мен жүргізушілеріне 197 миллион теңгеге 8 мыңға жуық бірыңғай форма берілді. Мен тағы да барлық медицина қызметкерлеріне таңданысымды және құрметімді білдіремін және кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Оларға күш-қуат, шыдамдылық, денсаулық тілеймін өйткені қазақстандықтардың денсаулығы мен өмірі сіздерге байланысты", – деді Банк төрағасының орынбасары Виктор Батрак.
Банк сыйға тартқан арнайы костюмдеріне бірнеше киімдер кіреді: блузкалар немесе жейделер, шалбарлар, толстовкалар мен дәрігерлерге арналған жилеттер, ал жүргізушілер үшін жағасы бар күртеше, шалбарлар және жағалы жейделер.
Бұл қысқы және жазғы жұмыс киімдері төтенше жағдайда жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне ауа райына сәйкес киінуге мүмкіндік береді.
"Жедел жәрдем қызметкерлерінің киімі барлық талаптарға сай болуы керек. Жұмыс киімі жеңіл, ыңғайлы және функционалды болуы тиіс. Себебі ол кез келген ауа райында ыңғайлы, жұмыс істеуге кедергі болмайтыны ескерілуі қажет. Сонымен қатар ол су өткізбейтін және қозғалысқа кедергі жасамауы керек. Home Credit Bank сыйға таратқан формалар осы сипаттамалардың барлығына сәйкес келеді. Біз банкке, елордалық жедел жәрдем қызметі қызметкерлерінің жұмысына қолдау көрсетіп, көңіл бөліп отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз", – деді станция директорының міндетін атқарушы Арман Сейітқанұлы.
Ал жаңа форма алған қызметкерлер киімнің өте ыңғайлы әрі сапалы екенін айтады.
“Жаңа форманы алғаннан кейін, маған форманың ыңғайлы және материалының сапалы болғаны ұнады. Өте жақсы тігілген. Сол үшін Home Credit Bank басшылығына алғыс айтамыз. Бұл формамен халыққа ары қарай қызмет етуді жалғастырамыз”, – дейді Байқоңыр аудандық шұғыл бригадасының фельдшері Жансая Ізтілеуова.
Тағы бір маман да алғысын жаудырды.
“Бізге осындай форма сыйға бергені үшін алғыс айтамыз. Бізге алғашқы жедел көмек көрсетуге, науқастармен жақсы қарым қатынас жасауға ыңғайлы жағдай жасалған. Қыста жылы, жазда ыстықтатпайтын сапалы форма. Осы үшін көп рахмет айтамыз”, – деді фельдшер Ақжол Жекенұлы.
Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары Бота Садетхан форманың ерекшеліктері бар екенін, осы арқылы шақырылым кезінде қызметкерлерге ыңғайлы болатынын атап өтті.
“Біз Home Credit Bank тарапынан биылға екінші рет қызметкерлерге арнайы киімдерді алып жатырмыз. Бұған дейін қыстық формалар болса, бүгін жаздық формалар әкеліп отыр. Бұл киімдер жұмыстың сапасына әрине оң әсерін тигізеді. Себебі санитарлық көлік, медициналық құрал жабдықтармен қатар, қызметкердің киімі ыңғайлы болу керек. Формада көріп отырғандарыңыздай, ақ жолақтар түнде жанады, ол қызметкерлердің түнде жол көлік оқиғасына түсіп қалмауы, жалпы қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Қалталары дәрі дәрмек салып жүруге өте ыңғайлы. Біз ұжымымыздың атынан Home Credit Bank-ке көп рахмет айтамыз”, – дейді ол.
Айта кетейік, Home Credit Bank 2022 жылдан бері медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған демеушілік жобасын іске қосты. Банктің "Көмектесуге қуаныштымыз" стратегиясы аясында атқарылған қайырымдылық істері қоғамға, клиенттерге және серіктестерге пайдалы болуға негізделген. Осы уақыт ішінде Home Credit Bank екі мегаполистегі жедел жәрдем станцияларының қызметкерлеріне 8 мыңға жуық бірыңғай форма тігіп, сыйға тартты. Ол үшін Home Credit Bank 197 миллион теңге бөлген. Олардың 5 мыңнан астамы Алматының жедел жәрдем бөліміне, 2850-і елордаға берілген.