Қазақстанның банк нарығына Оңтүстік Корея мен Катар қосылады. Осының аясында Home Credit Bank басшысы Кирил Бачваров LS корреспондентіне клиенттер үшін бәсекелестік қаншалықты күшейетінін және банктің жоспарлары туралы айтты.
"Біздің акционерлер (PPF Group) – бұл private equity, шыдамды және сабырлы отбасылық капитал. Оларға қандай да бір инвестициядан шығудың қажеті жоқ. Алайда, егер сатып алушы келіп, активтің құнынан екі-үш есе көп төлеуге дайын екенін айтса, акционерлер оны қарастырады", - деп атап өтті Бачваров.
Мысал ретінде Home Credit Bank басшысы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі активтердің сатылымы туралы айтты. Онда жаңа инвесторлар PPF Group-қа бірнеше есе жоғары баға ұсынды.
"Филиппиндегі, Вьетнамдағы, Индонезиядағы және Үндістандағы бизнес оның капиталынан үш немесе одан да көп есе жоғары бағамен сатылды. Сатып алушылар бизнес-модельдің сапасына, нарықтың әлеуетіне сенімді болғаны соншалық, олар капиталдың өзіндік құнынан үш есе артық төлеуге дайын болды, – деп түсіндірді.
Осыған қарамастан, Бачваров PPF Group-тың қазақстандық нарықтан кетуге қажеттілігі немесе ниеті жоқ екенін атап өтті.
"Біздің табысымыз өте жоғары. Бірақ биыл біз өткен жылмен салыстырғанда шамамен 60%-ға өсеміз деп ойлаймыз. Бұл жағдайда біздің акционерлер бізге үлкен сенім білдіріп, дивидендтерді де алған жоқ. Сондықтан ештеңе өзгерген жоқ. Егер ұсыныс қызықты болса, оны қарастырады, бірақ ешкім шығуды жсопарламайды", – деп атап өтті.
Сондай-ақ ол жаңа банктердің келуі қаржы нарығының дамуына қалай әсер ететінін бағалады.
"Мен адал бәсекелестікке сенемін. Адал бәсекелестік нарықтағы бәсекелестер бірге жұмыс істеп, бір-біріне көмектесуді білдіреді. Біз ынтымақтастықты осыған негіздейміз. Мысалы, басқа банктермен қорландыруда бір-бірімізге көмектесеміз, клиенттік базамен немесе өндіріп алумен, антифрод бойынша және т. б. бірлесіп жұмыс істейміз. Сондықтан егер жаңа акционерлер бәсекеге қабілетті болса, бұл керемет. Мен оларды болашақ серіктестер ретінде қарастырамын", - деді Бачваров.
Home Credit Bank басшысы бұл жағдай қазақстандықтарға оң әсер етеді деп санайды, өйткені банк қызметтерінің сапасы артады.
"Ұсыныстың көп болуы клиент үшін жақсы", - деп қорытындылады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев корпоративтік кредиттеу саласындағы бәсекелестікті арттыру үшін елге үш шетелдік банкті тартуды тапсырған болатын.
Биыл мемлекет басшысы BNK Finance Kazakhstan МҚҰ-ның банкке ауысу туралы шешімін қолдады. Ал бір ай бұрын катарлық инвесторлардың Bereke Bank-ті сатып алу-сату бойынша мәміле жасасқаны белгілі болды.