Кредиттік тарих қандай ақпаратты қамтиды?
Қазақстанда екі кредиттік бюро бар: Мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) және Бірінші кредиттік бюро (БКБ). Азаматтар бюродан жылына бір рет жеке кредиттік есепті тегін сұрауға құқылы. Есепте келесі ақпарат бар:
- Аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, жұмыс орны және басқа да дербес деректер;
- Кредит шарттарының саны мен сомасы;
- Мерзімі өткен берешек туралы ақпарат,
- Кепіл және кепілгерлік туралы ақпарат,
- Қарыз алушының банктер мен микроқаржы ұйымдарына кредит алу бойынша жүгінуі туралы ақпарат,
- Банкроттық пен сот шешімдері туралы ақпарат.
Кредиттік тарих және оны алу жолдары туралы толық ақпаратпен біз басқа мақаламызда бөлістік.
Банктің скорингтік жүйесі қарыз алушының кредиттік тарихы негізінде оның сенімді/сенімсіз клиент екені туралы шешім қабылдайды. Банк клиенттің кредиттік жүктемесін, төлемдердің уақытында жасалуын тексереді. Әр ұйым кредиттік тарихты жеке бағалайды. Әдетте, борышкер төлемдерді уақытында жасаса, оның кредитік тарихы жақсы деп саналады. Егер қарыз алушы төлем мерзімін жиі кешіктірсе немесе оның кредиттері көп болса, банк кредитік тарихты нашар деп санайды.
Әр банк кредиттік тарихты жеке бағалайтынын ескеру қажет: кейбір банктер төлем мерзімі кешіктірілсе кредит бермейді, ал басқалары бұған қарамастан кредитті мақұлдауға дайын болады. Кредиттік тарихтан бөлек, банктер кредит беру кезінде басқа факторларды ескереді: қарыз алушының кірісі, оның жұмыс өтілі, отбасылық жағдайы және т.б. Бұл әр ұйымның кредиттік саясатына байланысты болады. |
Кредиттік тарихты қалай жақсартуға болады?
Кредиттік тарих бюрода 5 жыл бойы сақталады және үнемі жаңартылып отырады. Кредиттік тарихта мерзімі кешіктірілген төлемдер бойынша деректерді жою мүмкін емес.
Егер біреу кредиттік тарихтағы ақпаратты сыйақы үшін жоя аламын деп айтса және өзін кредиттік бюроның қызметкері ретінде таныстырса, бұл алаяқтар болуы мүмкін. Ешқандай жағдайда оларға ақша аудармаңыз: алаяқты ұстап, қаражатыңызды қайтару өте қиын.
Кредиттік тарихты түзетудің жалғыз заңды жолы — жаңа кредиттер бойынша төлемдерді тәртіппен жасау.
Кредиттік тарих қарыз алушының кінәсінен нашарлаған болса, не істеу керек?
Егер кредиттік тарихта келесі бұзушылықтар болса, банк сенімсіз болады:
- Қарыздар мен кредиттер бойынша төлем мерзімі 90 күннен артық мерзімге кешіктірілсе.
- Коммуналдық төлемдер, салықтар, айыппұлдар бойынша қарыздар болса.
- Банкроттық.
- Қате дербес деректер. Бұның бәрі оның сенімсіз қарыз алушы екенін көрсетеді.
Көбінесе кредиттік тарих төлем мерзімдерінің кешіктірілуіне байланысты нашарлайды. Кредиттік бюро мерзімі кешіктірілген кредиттерге «қалпына келтірілді» мәртебесін келесі жағдайларда ұсынуы мүмкін:
|
Кредиттік тарихты жақсартудың басқа жолдары:
💸 Салықтар, айыппұлдар, коммуналдық төлемдер бойынша қарыздарды өтеңіз.
💸 Салымды немесе дебет картасын ашыңыз. Банк үшін бұл қарыз алушының төлем қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады. Клиенттің шотында ақша болса және карта бойынша үнемі операциялар жүргізіліп жатса, банктің қарыз алушыға сенімі артады. Көбінесе банктердің өз клиенттері үшін жеке кредиттік ұсыныстары бар.
💸 Кредитті ресімдеп, оны мерзімінен бұрын өтеңіз. Қарыз алушының кредиттік тарихы нашар болса, оған үлкен сомаға кредит мақұлданбауы мүмкін. Сондықтан аз сомаға қарыз ресімдеу немесе дүкенде кез келген тауарды бөліп төлеуге алу керек. Қарыз алушыда бұған дейін кешіктірілген төлемдер болса да, банктер ең алдымен жаңа ақпаратты ескереді.
💸 Кредит картасын ашыңыз. Бұл кредиттік тарихты жақсартудың ыңғайлы тәсілі. Банк картаны ресімдеуді өзі ұсына алады. Кредит бойынша тұрақты төлемдер кредиттік тарихты жақсартады. Бірақ егер сізде пайдаланбай жүрген кредит картаңыз болса, оны жапқан дұрыс. Кредит картасы туралы ақпарат кредиттік тарихқа енгізіледі және кредиттік жүктемені арттырады.
💸 Кредитттерді қайта қаржыландырыңыз. Егер сізде бірнеше кредит болса, оларды бір кредитке біріктірген, яғни қайта қаржыландырған дұрыс. Кредиттік тарихта белсенді кредит шарттары неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы. Одан бөлек, қайта қаржыландыру төлемнің тиімді шарттарын таңдауға мүмкіндік береді.
Кредиттік тарихта қарыз алушыға қатысы жоқ қателер болуы мүмкін
Сондықтан оны тексеріп тұру маңызды. Кейде тарихта келесі қателіктер пайда болуы мүмкін:
- өтелген төлем бойынша кешіктіру көрсетілген;
- жабық кредит бойынша берешек бар;
- мерзімі өткен кредит «қалпына келтірілді» мәртебесінде болуы тиіс, бірақ ол кредиттік тарихта көрсетілмеген;
- жеке деректер қате енгізілген.
Қателер жүйенің бұзылуына, жеткізушінің немесе бюроның қате ақпаратына байланысты болуы мүмкін. Қарыз алушы мен кредит беруші арасында даулар туындауы мүмкін: сіз қарызды өтедім деп ойлайсыз, ал банк өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептеуді жалғастыруда. Немесе алаяқтар сіздің атыңызға кредит алуы мүмкін.
Кез келген сәйкессіздік скоринг нәтижелеріне әсер етіп, кредит мақұлданбауы мүмкін. Сондықтан тарихты үнемі тексеріп, қажет болған жағдайда қателерді түзету қажет:
- Жеке кредиттік есепке тапсырыс беріңіз. Тапсырысты Бірінші кредиттік бюро сайтында берген дұрыс. Есепті ЭЦҚ көмегімен жылына бір рет тегін алуға болады. Сондай-ақ электрондық үкімет порталында (ЭЦҚ қажет), Қазпошта бөлімшесінде немесе халыққа қызмет көрсету орталығында өтінім беруге болады. Егер кредиттік тарихта қателер табылса, есепте соңғы 10 күн ішінде алынған ақпарат болуы керек.
- Есепті тексеру кезінде қате табылса — өтініш және жақында алынған есеппен кредиттік бюроға немесе қате мәліметтер ұсынған ұйымға жүгініңіз. Өтінішке де ЭЦҚ арқылы қол қою керек.
Осының бәрін бюрода жасау ыңғайлы: мамандар өздері ақпарат жіберушіге сұрау жіберіп, деректерді тексереді. Бұл қызмет тегін. - Егер қателікті ақпарат жіберушінің қызметкерлері жіберсе, олар мәліметтерді тексеріп, 10 күн ішінде кредиттік бюроға өзгерістерді ұсынады. Егер қателік кредиттік бюроның тарапынан болса, мамандар базаға өзгерістер енгізіп, сізге түзетілген есеп жібереді.
Егер сіз кредиттік бюро арқылы өтініш берген болсаңыз, оның мәртебесін жеке кабинетте көруге болады.
Кредиттік тарих қаншалықты жиі жаңартылады?
Кейде кредиттік есепте қате мәліметтер болады, өйткені ол әлі жаңартылған жоқ. Кредиттік бюроға мәліметтерді және кредиттік тарихты жаңарту мерзімдерін ұсынатын ұйымдардың тізбесі төменде келтірілген.
Ұйымдар | Ұсынатын ақпарат | Деректер кредиттік тарихқа қай уақыт ішінде енгізіледі |
Банктер, микроқаржы ұйымдары | Әрбір қарыз бойынша берешек сомасы, пайыздық мөлшерлеме, берілген және өтелген күн, қамтамасыз ету түрлері, 90 күннен артық мерзімге кешіктірілген төлемдер туралы ақпарат | 1 жұмыс күні — кредит беру кезінде; 10 жұмыс күні — қарыз алушы туралы жаңа деректер алынған немесе өзгерістер енгізілген кезде |
Сауда ұйымдары және жеке кәсіпкерліктер | Кредитке сатып алынған тауар бойынша борыш сомасы, берілген және өтелген күні туралы ақпарат | 30 жұмыс күні |
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы | Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу, мүлікті кепілге беру туралы ақпарат | 30 жұмыс күні |
Коммуналдық қызметтерді жеткізушілер | Коммуналдық төлемдер бойынша берешек сомасы, қарыздың пайда болған және өтелген күні, мерзімі өткен күндер саны туралы ақпарат | 30 жұмыс күні |
Коллекторлық агенттіктер | Шарты бойынша коллекторларға ұсынылған мерзімі өткен берешек, айыппұлдар, өсімпұлдар сомасы туралы ақпарат | 30 жұмыс күні |