Блокчейн дегеніміз не?
Клиент банктік картадан немесе шоттан ақша аударған кезде, физикалық тұрғыдан қарағанда ақша ешқайда кетпейді. Аударым кезінде банк өзінің дерекқорында аударым жазбаларын өзгертеді. Бұл базалар әдетте белгілі бір жерде орналасқан банк серверлерінде сақталады.
Криптовалюта операциялары банктің немесе басқа арбитрдың қатысуынсыз жүзеге асырылады. Ол блокчейн (blockchain — блоктар тізбегі) технологиясына негізделіп жасалған. Бұл орталықтандырылмаған жүйе. Онда барлық транзакциялар желінің әртүрлі түйіндерімен расталады.
Бұл процесс келесідей болады. Транзакцияны кез келген қатысушы жүргізе алады, бұл ретте операция туралы деректер жаңа блокқа жазылады. Олар басқа блоктармен арнайы код — хэш-жазба арқылы байланысады. Алдыңғы блоктың мәні ағымдағы блокта сақталады және тізбек бойынша жалғасады. Осылайша бүкіл тізбек қалыптасып, мәліметтер базасы құрылады. Одан деректерді өшіруге немесе жоюға болмайды.
Технология күрделі математикалық модельге негізделген және криптографиямен қорғалған. Операцияларды өңдеу және транзакция жазбаларын қосу үшін үлкен есептеу қуаты қажет. Сондықтан блоктар бір серверде емес, әлемнің кез келген нүктесіндегі әртүрлі компьютерлерде сақталады. Жаңа блокчейн блоктарын құру және транзакцияларды өңдеу процесі майнинг деп аталады.
Криптовалюта түрлері
ҚР заңы бойынша криптовалюта цифрлық активтерге жатады. Олардың екі түрі бар: қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген.
Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер иесінің оған ешқандай мүліктік құқығын куәландырмайды және нақты активтермен байланысты емес — олардың бағасы көптеген сыртқы факторлармен анықталады. Мұндай активтер майнинг арқылы жасалады. Ең танымал мысал — Bitcoin.
«Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» 2023 жылғы 6 ақпандағы № 193-VII заң қамтамасыз етілмеген активтерді өндіру және олардың айналысы қағидаларын белгілейді:
- Майнинг арқылы алынған криптовалютаны «Астана» халықаралық қаржы орталығының лицензиясы бар биржалар арқылы ғана сатуға болады.
- Майнинг бойынша жұмыстарды тек лицензиямен жүргізуге болады. Бұл ретте майнерлерге цифрлық майнинг жөніндегі қызметке қатысы жоқ өзге қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін немесе акцияларын сатып алуға, коммерциялық емес ұйымдарды құруға және олардың қызметіне қатысуға тыйым салынады.
- Майнингпен Қазақстан аумағында тұрғын үй аймағынан тыс орналасқан цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталықтары арқылы ғана айналысуға болады.
- Майнерлер өз қызметі үшін салық төлейді.
Қамтамасыз етілген цифрлық активтер, керісінше, активке мүліктік құқықтарды куәландырады. Мысалы, қамтамасыз етілген активтерде оның иесінің құқықтары мен деректері көрсетіледі. Олар сондай-ақ нақты активтің бағасымен, мысалы, қарапайым валюта немесе биржалық тауарлармен (алтын, астық, мұнай және т.б.) байланысты.
Қамтамасыз етілген цифрлық активтерге Tether, TrueUSD, Paxos және т.б. стейблкоиндар жатады. Олар криптовалюта активтерін айырбастауға, сатуға, сақтауға және шығаруға болатын арнайы криптовалюта биржаларында айналымға түседі.
Криптовалюта не үшін қажет?
Криптовалюта көбінесе ақшаны сақтау үшін қолданылады: монеталар бағасының өсуі ақшаны инфляциядан қорғайды. Бірақ оның бағасы үнемі өзгеріп отырады: бұл биржалық нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты болады. Ал оларға өз кезегінде криптовалюта нарығындағы жағдайлар әсер етеді: жаңа өнімдер туралы хабарландырулар, криптовалюта биржаларының бұзылуы немесе жабылуы, заңнамадағы өзгерістер, геосаяси жағдай, назар аударту (хайп жобалары) және т. б. Сондықтан жинақ ақшаны жоғалтпау үшін жағдайды бақылау маңызды.
Криптовалютамен рұқсат етілген елдерде төлеуге болады. Мысалы, кейбір мемлекеттерде қонақүй немесе көлік жалдау үшін криптовалютамен төлеуге болады. Бірақ ҚР-да ол төлем құралы болып саналмайды. Мысалы егер сіз пәтер немесе көлік сатып алу-сату шартын жасап, Bitcoin-мен төлеу әдісін көрсетсеңіз, мұндай мәміле жарамсыз болып табылады.
Криптовалютаға қалай инвестициялауға болады?
Көп адамдар болашақта табыс табу үшін криптовалютаға жинақ ақшаны салады. Криптоиндустрияға инвестиция салу үшін келесі құралдар қолданылады:
- HODL. Инвестор криптовалютаны сатып алып, оны өзіңе сақтай алады. Бұл әдісті болашақта криптовалюта бағасы айтарлықтай өсетініне сенетін адамдар қолданады.
- Трейдинг. Криптовалютада трейдинг әдеттегідей жұмыс істейді: оны арзан бағаға сатып алып, қымбат бағаға сату. Бірақ сауда жалпы биржаларда емес, арнайы криптовалюталық биржаларда өтеді.
- Стейкинг. Инвестор бар монеталарды қарызға беріп, жаңа монеталарды алады. Стейкингтің принципі банк депозитіне ұқсайды. Инвестор өзінің криптовалютасының бір бөлігін блокчейн оларды пайдалануы үшін әмиянда бұғаттайды. Бұл үшін ол жаңа монеталар түрінде пайыз алады.
- Копитрейдинг. Бұл капиталды сенімгерлік басқаруға беру процесіне ұқсайды. Сіз крипто әмияныңыздың қаражатын криптобиржада сәтті түрде сауда жасап жүрген трейдерлер арасында бөлесіз. Олардың мәмілелері сіздің әмияныңызда автоматты түрде қайталанады. Сіз трейдердің тиімділігіне байланысты пайда аласыз немесе шығынға ұшырайсыз.
- Фарминг. Кез келген жобаның токендерін алуға мүмкіндік береді. Ол үшін фарминг ұйымдастырушысының криптовалютасын арнайы ланчпулге орналастырып, оны тоқтату керек. Фарминг аяқталғаннан кейін сіздің балансыңызда жаңа жоба токендері пайда болады. Оларды бірден биржада сатып, стейблкоиндер алуға болады.
- ICO. Инвестор токендерді жоба сатылғанға дейін алады. Жоба биржаға шықпас бұрын оның монеталарын тегін алуға болады. Ол үшін лаунчпад қызметі бар платформа ұйымдастырушысының монеталарының кез келген санын ұстап тұру керек. Әрі қарай, лотерея принципі бойынша биржа жоба токендерін кімге беру керектігін анықтайды. Оларды сатып, USDT стейблкоиндерін алуға болады.
Криптовалюта тәуекелдері
Криптовалютаның бағасы қысқа мерзімде айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Кез келген уақытта капиталды арттыруға да, жоғалтуға да болады.
Инвестициялар және тәуекелдер жөніндегі сарапшы Жангир Бектемиссов:
"Теңдестірілген портелі бар сауатты инвестор портфельдің құбылмалылығына (бағасының өзгергіштігіне) қатысты кірістілігін арттыратын болса, оған жаңа құралды қосқан тиімді. Яғни, бір активтің бағасы төмендеген кезде, екіншісі шығындарды өтейтіндей дәрежеде болу керек.
Бірақ бұл жаңа құралдың баға белгіленімдері портфельдегі құралдардың құнына аса тәуелді болмаған жағдайда мүмкін болады. Криптовалюта бағамы өте құбылмалы. Сондықтан оны әртараптандырылған портфельге қосудың қажеті жоқ: бұл құбылмалылық дәрежесін арттырады, бірақ қосымша кірістілікке кепілдік бермейді.
Егер сонда да криптовалютаға инвестициялағыңыз келсе, HODL стратегиясын және BTC, ETH сияқты тұрақты криптовалюта түрін таңдаған дұрыс болады".
|
Биржаларда техникалық ақаулар болып тұрады. Егер сіз платформа дұрыс жұмыс істемеген уақытта трейдингпен айналыссаңыз, онда ақаулар ақша жоғалуына әкелуі мүмкін.
Криптовалютаны алаяқтар жиі пайдаланады. Мысалы, егер олар телефоныңызға кіріп алса немесе сид-тіркесіңізді (әмиянға кіру үшін жасалған сөздер жиынтығы) біліп алса, олар крипто әмиянындағы ақшаны пайдалана алады. Көптеген крипто жобалар — бұл скам жобалары. Олар инвесторлардан ақша жинап, оны ұрлап кетеді.
Негізгі ақпарат: криптовалюта дегеніміз не?
- Криптовалюта — бұл цифрлық активтер. Қазақстанда оларды төлем үшін пайдалануға болмайды, бірақ оларға инвестициялауға болады. Оны майнинг көмегімен алуға немесе биржада сатып алуға болады.
- Криптовалюта — инвестициялау үшін тәуекел деңгейі жоғары құрал. Оның бағасы үнемі өзгеріп отырады. Бұл жерде алаяқтарға тап болу оңай. Кейде крипто платформаларда ақаулар пайда болады.
- Барлық жинақ ақшаны криптовалютада ұстаудың қажеті жоқ. Портфельді Home Credit Bank депозиттері сияқты кепілдіктері бар инвестицияларға әртараптандырып, тәуекелдерді сақтандырумен кепілдендірілген пассивті кіріс алыңыз.