Клиент кредит алуға өтініш берген кезде банк оның төлем қабілеттілігін мұқият тексереді. Бағалау кезінде ескерілетін негізгі көрсеткіш — бұл кредиттік рейтинг. Егер ол төмен болса, банк кредит беруден бас тартуы мүмкін. Бұл мақалада біз кредиттік рейтингті қалай білуге және оны қалай жақсартуға болатындығын анықтаймыз.
Кредиттік рейтинг қалай жасалады?
Дербес кредиттік рейтинг — бұл қарыз алушының қаржылық тәртібінің көрсеткіші. Ол арқылы банктер сіздің сенімді қарыз алушы екеніңізді және қарызды төлем мерзімдерін кешіктірмей, толық көлемде өтей алатыныңызды анықтайды. Рейтинг бойынша банктер кредит беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Дербес кредиттік рейтинг кредиттік бюрода жасалады. Ол кредиттік тарихқа сәйкес автоматты түрде есептеледі.
Сіз банкке, МҚҰ-ға, ломбардқа немесе кез келген басқа қаржы ұйымына жүгінген сайын бұл туралы ақпарат кредиттік бюроға түседі. Осылайша жеке кредиттік тарих қалыптасады. Онда сіздің толық қаржылық жағдайыңыз көрсетіледі және сәтті төленген және кешіктірілген қарыздар, берешек, айыппұлдар, банктердің бас тартуы, қарыздарды коллекторлық агенттіктерге беру туралы ақпаратты қамтиды.
Клиенттердің толық кредиттік тарихымен жұмыс істеу қиын: есепте өте көп ақпарат бар және оны талдау ұзақ уақытты алады. Сондықтан бірден Дербес кредиттік рейтингті тексеру жөн. Банктің скорингтік жүйесі балды және басқа көрсеткіштерді талдап, клиенттің сенімді қарыз алушы екенін анықтайды.
Кредиттік рейтингті қалай білуге болады?
Әрбір қарыз алушының дербес рейтингі туралы деректер кредиттік бюроларда сақталады. Қазақстанда екі кредиттік бюро бар: Мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) және Бірінші кредиттік бюро (БКБ). Кредиттік рейтингті осы ұйымдардың сайттарынан білуге болады. Дербес кредиттік рейтингті мобильді қосымша сияқты басқа арналар арқылы да білуге болады. Кредиттік тарих рейтингін білу үшін ЖСН нөмірін енгізіп, қызмет үшін 100 теңге төлеу керек.
Кредиттік рейтингті делдал компаниялар арқылы да білуге болады. Мысалы, банктік өнімдердің сайттары арқылы. Олар да ақпаратты кредиттік бюролардан алады. Сонымен қатар автокредит немесе ипотека ресімдеу сияқты мақсаттар үшін балды қалай жақсартуға болатындығы туралы кеңес бере алады.
Дербес кредиттік рейтинг нәтижелерін қалай түсінуге болады?
Нәтиже қызыл түстен (минимум) жасыл түске дейінгі (максимум) бірнеше түс сегменттері бар шкала түрінде көрсетіледі. Саны бар көрсеткіш 0-ден 1000-ға дейінгі балды көрсетеді. Графикалық кескінге түсініктеме қоса беріледі: банктер осындай кредиттік класы бар қарыз алушыларды қалай бағалайды.
800-ден асатын балға ие қарыз алушыларға кредит мақұлдаудың мүмкіндігі жоғары. 600-800 аралығындағы балға ие қарыз алушыларға да кредит мақұлдануы мүмкін. 400-600 аралығындағы балға ие қарыз алушыларға үлкен сомаға кредит мақұлдау мүмкіндігі төмен болады. Ал 400-ден кем балға ие қарыз алушыларға кредит мақұлданбайды.
Кредиттік рейтингті қалай жақсартуға болады?
Балл жоғары болуы үшін кредиттерді уақтылы және жауапкершілікпен төлеу маңызды. Ақшаны кем дегенде 5 жұмыс күні бұрын енгізген жөн — осылайша ақша шотқа міндетті түрде түсіп үлгереді. Келесі төлем күнін жіберіп алмаc үшін телефонға ескерту орнатып қоюға болады.
Қандай әрекеттерді жасауға болмайды:
- Кредиторлардан жасырыну. Егер сіз қиын қаржылық жағдайға тап болып, кезекті төлемді уақытында төлей алмасаңыз, банкке хабарласып, мәселені ашық айтыңыз. Қызметкер қарызды қайта құрылымдауды немесе басқа шешімді ұсынады.
- Ағымдағы кредитті өтеу үшін жаңа кредиттерді алу. Қарыз жүктемесі неғұрлым жоғары болса, кредиттік рейтинг соғұрлым төмен болады. Оданша кредитті қайта қаржыландыру дұрыс болады: қайта қаржыландыру кредиттік тарихқа теріс әсер етпейді.
- МҚҰ-ға хабарласу. Кейбір банктер микроқаржы ұйымдарының қызметтерін жосықсыз қарыз алушылар пайдаланады деп санайды. Кредиттік бюроның скорингтік жүйесі МҚҰ-ға жүгіну фактісін сенімсіздіктің белгісі ретінде қарастырып, балды төмендетуі мүмкін.
Егер кредиттік тарих кешіктірілген төлемдер және айыппұлдар үшін нашарлаған болса, оны тез арада түзету мүмкін болмайды. Бірақ уақыт өте келе сіз өзіңіздің жеке рейтингіңізді арттыра аласыз. Кредиттік тарихты түзету туралы толық ақапаратты осы мақаладан табуға болады.
Егер сіз ешқашан кредит алмаған болсаңыз, сіздің Дербес кредиттік рейтингіңіз нөлге тең болады. Бұл жағдайда үлкен сомаға қарыз алу қиынға соғады. Өйткені банк сіздің қарызды қалай төлейтініңізді білмейді. Қаржы ұйымдарының сенімін алу үшін кредиттік тарихта оң жазба жасауға болады. Мысалы, Home Credit Bank-те 10 000 теңгеден басталатын сомаға кредитті онлайн түрде ресімдеуге болады. Немесе ағымдағы қарыздарды тиімді шарттармен қайта қаржыландыру қажет. |
Неліктен Дербес кредиттік рейтинг жоғары болса да, банк кредит беруден бас тартуы мүмкін?
Кредиттік бюролар мен банктер клиенттердің қаржылық дағдыларын бағалаудың ұқсас әдістерін қолданса да, жоғары балл кредитті мақұлдауға кепілдік бермейді. Себебі, әр қаржы ұйымының өзіндік скорингтік модельдері мен клиенттерге қойылатын талаптары бар. Мысалы, бір жерде клиенттің отбасылық жағдайы маңызды болса, басқа жерде бұл фактор есепке алынбайды. Сондықтан, егер Дербес кредиттік рейтинг жоғары болса да, сізге кредит беруден бас тартылса, басқа банкке өтініш беріңіз — ол жақта мақұлдау алуыңыз мүмкін.
Банктер клиенттердің сенімділігін қалай бағалайтыны туралы толық ақпаратты біздің скоринг туралы мақаладан оқыңыз.
Негізгі түйіндер:
- Егер сіз кредит алғыңыз келсе, алдымен Дербес кредиттік рейтингті білу маңызды. Бұл қаржылық қабілеттіліктің көрсеткіші болып табылады. Рейтингті кредиттік бюролар қалыптастырады және балл көрсеткіші бойынша бағалайды.
- Жоғары балл — 600-1000 аралығы. Бұл банктің кредитті мақұлдау деңгейі жоғары екенін білдіреді.
- Төмен Дербес кредиттік рейтингті уақыт өте келе барлық қарыздарды қайтару және кредиттік тарихты оң жазбалармен жақсарту арқылы түзетуге болады.