Жарияланды 05.03.2024
Жаңартылды 14.05.2026
5 минут
Дивидендтер — бұл компанияның акционерлері арасында бөлінетін пайда. Инвестор үшін бұл пассивті кіріс алу тәсілі: ол акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын сатып алып, олардан пайда алуы мүмкін. Бірақ дивидендтік акциялардан пайда табу үшін оларды сатып алу уақытын, кірістілік қандай факторларға байланысты екенін және оны қалай болжау керектігін білу керек. Бұл туралы біз осы мақалада айтатын боламыз.
Іс жүзінде компаниялар пайданы акционерлермен бөлісуге міндетті емес. Олар қаражатты өз қалауы бойынша басқара алады: мысалы, ақшаны бизнесті дамытуға салады немесе қаржылық мәселелер туындаған жағдай үшін қосымша қаражат ретінде сақтайды. Стартаптар мен шағын компаниялар осы әрекеттерге жиі жүгінеді.
Бірақ нарықта тұрақты пайда табатын ірі акционерлік қоғамдар көбінесе дивидендтерді төлейді. Мұның екі себебі бар:
Дивидендтер төлеу туралы шешімді Директорлар кеңесі ұсынады. Бұл шешім акционерлердің жалпы жиналысында бекітіледі.
| Бірақ егер компания қазір дивидендтер төлейтін болса да, кейін оларды төлемеуі мүмкін. Компания қиын кездерден өтіп жатса, жауапты адамдар төлемдерден бас тартып, пайданы бизнесті қолдау мен дамытуға бағыттауы мүмкін. Бірақ нарық көшбасшылары мұндай жағдайларға әдетте тап болмайды. |
Акционерлер дивидендтерді компаниядағы үлестеріне пропорционалды түрде алады: портфельдегі акциялар саны неғұрлым көп болса, пассивті кіріс те соғұрлым жоғары болады.
Мысалы, компания 100 000 акция шығарды делік. Оның 10 акциясын инвестор сатып алды. Есепті кезеңде (мысалы, бір тоқсан ішінде) акционерлік қоғамның таза пайдасы 20 млн ₸ болды. Осы соманы акционерлер арасында бөлуге шешім қабылданды. Осылайша, бір акция үшін дивидендтер мөлшері — 200 ₸. Бұл дегеніміз, ағымдағы тоқсанда инвестор 2 000 ₸ пайда алады.
Әр компанияның дивидендтерді есептеу ережелері бар. Кейбір акционерлік қоғамдар инвесторлардың арасында бүкіл пайданы, ал кейбіреулері пайданың тек белгілі бір бөлігін бөледі. Төлемдердің жиілігі де әртүрлі болады: есепті кезең тоқсан, жартыжылдық немесе бір жыл болуы мүмкін.
Төлемдерді есептеу ережелері, шарттары мен мерзімділігі компанияның дивидендтік саясатымен анықталады. Бұл құжат әдетте акционерлік қоғамның сайтында «Акционерлер мен инвесторлар» бөлімінде ашық түрде жарияланады. Мысалы, «КазТрансОйл» АҚ дивидендтік саясатына сәйкес компания дивидендтерді төлеуге таза кірістің кемінде 40%-ын бағыттайды.
Дивидендтік саясатты әзірлеу кезінде компаниялар келесі нәрселерді есепке алады:
Әр кезеңнің қорытындысы бойынша акционерлік қоғам қаржылық есептілікті жасайды. Бұл ақпарат инвесторлар үшін ашық болып табылады. Кезеңнің қаржылық нәтижелерін және дивидендтік саясатты біле отырып, дивидендтердің мөлшерін шамамен есептеуге болады. Нақты ақпарат Директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналысында төлем және оның сомасы туралы шешім қабылданғаннан кейін акционерлік қоғамның сайтында жарияланады. Егер ағымдағы кезеңде компанияда пайда жоқ болса, дивидендтер төленбеуі мүмкін.
| Жай акциялардан басқа, кейбір акционерлік қоғамдар артықшылықты акцияларды шығарады. Компания кезеңнің соңында шығынға ұшыраса да, олардың иелері пайда табады. Артықшылықты акциялар үшін дивидендтердің белгіленген минималды мөлшері анықталады. Мәселен, «Қазақтелеком» АҚ-да ол 300 теңгені құрайды. Артықшылықты акциялардың иелеріне компания дивидендтерді бірінші кезекте есептейді. Дивидендтік саясатқа сәйкес төлемдерден кейін қалған сома жай бағалы қағаздарды ұстаушылар арасында қайта бөлінеді. |
Жоғары дивидендтерді тұрақты түрде алу үшін эмитентті — бағалы қағаздар шығаратын компанияны таңдау керек. Акцияларды сатып алмас бұрын, компания туралы ақпаратты іздеңіз. Оны сайттың акционерлер мен инвесторларға арналған бөлімінен табуға болады. Қазақстандағы әртүрлі ационерлік қоғамдар бойынша жиынтық деректер dividendy.kz сайтында жарияланады.
Қандай нәрселерге көңіл аудару қажет?
Мысалы, акционерлер жиналысы әр акция үшін 50 ₸ дивиденд төлеуге шешім қабылдады деп айтайық. Бағалы қағаздың құны — 650 ₸. Біз 50-ді 650-ге бөлеміз де, 100-ге көбейтеміз. Сонда дивидендтердің кірістілігі 7,69% болып шығады.
Ресейлік және қазақстандық компаниялар үшін орташа көрсеткіш — 6–10%. Американдық компаниялардың акцияларының кірістілігі әдетте төмен, бірақ төлемдер тұрақты болып келеді.
| Дивидендтер арқылы тұрақты табыс табу үшін портфельде бірнеше компанияның акциялары болған дұрыс. Өйткені эмитенттердің кез келгені төлемдерді тоқтатса, сіз өзіңізді тәуекелдерден қорғайсыз. |
Дивидендтерден пайда табу үшін төлем жүйесі қалай жұмыс істейтінін және оның акция құнына қалай әсер ететінін түсіну керек.
Төлемдерді есептеу тәртібі. Дивидендтер акционерлер тізілімі жабылған кезде акцияларға иелік ететін тұлғаларға есептеледі. Ол тізілім жабылатын күн деп аталады. Егер инвестор бағалы қағаздарды бір күннен кейін сатып алса, ол осы кезеңде дивиденд алмайды.
Бірақ KASE қазақстандық биржасында және басқа да көптеген сауда алаңдарында Т+2 режимі жұмыс істейтінін есте сақтау қажет: есептеулер мәміледен кейін екі жұмыс күні өткен соң жасалынады. Ол дегеніміз акциялар шотта бірден көрсетіледі, бірақ заңды түрде сіз оларға екі күннен кейін ғана ие боласыз. Дивидендтерді алу үшін акцияларды тізілім жабылатын күнге дейін кем дегенде екі жұмыс күні бұрын сатып алу қажет.
Мысалы, компанияның акциялар тізілімінің жабылу күні дүйсенбі, 15 қаңтарға белгіленді. Дивидендтер алу үшін бағалы қағаздарды бейсенбіден, яғни 11 қаңтардан кешіктірмей сатып алу керек, өйткені 13 және 14 қаңтар демалыс күндері.
Тізілімнің жабылу күнін және дивидендтер сомасын директорлар кеңесі айқындайды және ол акционерлердің жалпы жиналысында бекітіледі.
Бағаның өзгеруі. Тізілім жабылған күннен бастап акциялардың бағасы біртіндеп көтеріліп, кірістілік төмендейді. Бұл сұраныстың артуына байланысты болады: көптеген инвесторлар дивидендтерді алу мақсатында бағалы қағаздарды сатып ала бастайды.
Акцияларды сатып алуға және төлем алушылар тізіміне енуге болатын соңғы күні, яғни тізілім жабылатын күнге екі жұмыс күні қалған кезде баға өзінің ең жоғарғы мәніне жетеді. Ал келесі күні баға шамамен дивидендтер сомасына күрт төмендейді. Бұл дивидендтік гэп деп аталады.
Акциялардың бағасы екі себепке байланысты төмендейді:
Компания тұрақты дамып, пайда тапқан жағдайда, дивидендтік гэп тез жабылады. Ал акциялардың бағасы біртіндеп бастапқы деңгейге оралады.
Табыс стратегиясы. Осы заңдылықтарды ескере отырып, үш табыс стратегиясының бірін таңдауға болады.
Бірінші стратегия:
➕ Сол ақшаны қайта инвестициялауға болады. Мысалы, басқа акцияларды сатып алып, олар бойынша қайтадан дивидендтер алуға болады. ➖
Брокерлік шотқа төлемдер түскенге дейін инвестор уақытша минуста қалады. Оған қоса, акциялар бағасы төмендей түседі.
Екінші стратегия:
➕ Бұл стратегия бағамдық құнның өзгеруінен ақша табуға мүмкіндік береді.
➖ Инвестор дивиденд алмайды.
Үшінші стратегия:
➕ Бұл стратегияда бағаны қадағалау қажет емес.
➖ Пайда көбінесе дивидендтер мөлшеріне байланысты, ал олардың мөлшері әдетте төмен болуы мүмкін.
| Егер сізде дивидендтік акцияларды іздеуге уақыт болмаса немесе тәуекелге барғыңыз келмесе, басқа пассивті кіріс көзін таңдауға болады. Мысалы, депозиттік сертификатты сатып алу. Бұл капиталды сақтап қана қоймай, оны көбейтуге мүмкіндік беретін төмен тәуекелді қаржы құралы. Home Credit Bank-те кірістілігі жылына 16,5% болатын 100 мың ₸ басталатын сомаға депозиттік сертификат сатып алып, төлемдерді күн сайын картаға алуға болады. |
Кез келген басқа табыс көзі сияқты дивидендтерге де салық салынады.
2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасының резиденттері үшін жеке табыс салығының (ЖТС) мөлшері 10%-ды құрайды. Бірақ оны бір жылдағы дивидендтер сомасы 30 000 АЕК-тен (103 500 000) асқан жағдайда ғана төлеу керек.
Егер сіз қазақстандық компаниялардың акциялары үшін дивидендтер алған болсаңыз, декларацияны өзіңіз тапсырудың және салық төлеудің қажеті жоқ. Мұны брокердің өзі жасайды, ал төлем сомасы автоматты түрде шоттан есептен шығарылады. Бірақ шетелдік бағалы қағаздардан түсетін кірістер үшін 240.00 нысаны бойынша декларация тапсыру қажет. Бұл 30 000 АЕК-тен кем сомаға салық салынбайтын дивидендтерге де қатысты. Бұл жағдайда кірісті декларацияда көрсетіп, содан кейін түзету арқылы салық базасынан алып тастау керек.