Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Home Credit Bank эмитентінің шетел және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді дефолт рейтингін
«BB–» деңгейінде растады. Болжам «Тұрақты» болып табылады.
Агенттік банктың қолайлы капитализациясы мен жоғары кірістілігі Қазақстандағы ұқсас эмитенттерге қарағанда әлсіздеу қорландыру профилін, салыстырмалы түрде шектеулі ауқымын және бөлшек кредиттеуге маманданған қызметін теңестіреді деп есептейді. Сонымен қатар, Fitch Home Credit Bank–тің бизнесті әртараптандыруға бағытталған қадамдарын оң бағалап, банк болашақта тауаша бизнес–модельден біртіндеп алыстайтынын атап өтті. Бұған 2025 жылы кепілді бөлшек кредиттеу мен шағын және орта бизнесті қаржыландыру сегменттеріне кіруі ықпал етпек. 2023 жылдың ортасынан бастап Home Credit Bank шағын және орта бизнеске арналған HCB Business цифрлық қызметін дамытып келеді, бұл клиенттік базаны кеңейтіп, жаңа бағытты ілгерілетуге мүмкіндік берді.
«2024 жылы банк қарқынды түрде дамуын жалғастырып, көптеген көрсеткіштер бойынша нарықтағы өсім қарқынынан озық болды. Бір жыл ішінде активтер 233 млрд теңгеге артып, жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш банкке активтер көлемі бойынша 12-орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Несиелік портфель 26%-ға өсіп, 770 млрд теңгеден асты. Клиенттердің салымдары 157,6 млрд теңгеге ұлғайып, өткен жылдың қорытындысы бойынша 520 млрд теңгені құрады. 2024 жыл банк үшін рекордтық жыл болды: таза пайда 35 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың көрсеткіштері — 2022 жылы қабылданған жаңа стратегия мен жүргізілген трансформацияның нәтижесі. Біз дұрыс таңдау жасағанымызды көріп отырмыз: тауаша модельден бас тартып, клиент пен оның ыңғайлылығын басты назарға қойдық, оған қолайлы төлем, кредит және жинақ қызметтерін ұсындық. Мұны біздің клиенттеріміз бағалады. Біз қазақстандықтарға күнделікті қаржылық мәселелерін тиімді шешуге көмектесетін қызметтер мен өнімдер ұсынуды жалғастырамыз», – деп атап өтті Home Credit Bank басқарма төрағасы Кирил Бачваров.
Клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында банк цифрлық арналарды белсенді түрде дамытып келеді. Өткен жылы банк Home.kz жаңа қосымшасын іске қосты, оны миллионнан астам клиент жүктеп алды. Сондай-ақ Банк заңды тұлғаларға арналған HCB Business қосымшасын одан әрі дамытуды жалғастырды. Бұдан бөлек, өткен жылы банк елдің түрлі қалаларында қосымша қызмет көрсету нүктелерін ашып, клиенттерге өздеріне ыңғайлы жерде қызмет алу мүмкіндігін ұсынды.
Home Credit Bank — халықаралық инвестициялық PPF Group N.V. тобына тиесілі PPF Financial Holdings құрамына кіреді. Бұл топ Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның 25 елінде жұмыс істеп, телекоммуникация, медиа, қаржылық қызметтер, электронды коммерция, жылжымайтын мүлік, машина жасау және биотехнология салаларын қамтиды.