Home Credit Bank өзінің портфелін, соның ішінде ШОБ-қа арналған банктік қосымшасын іске қосу арқылы әртараптандырды. Бұл туралы қаржы институтының басқарма төрағасы Кирил Бачваров KASE-дегі Эмитент күні шарасының барысында хабарлады.
Нәтижелер туралы қаржы блогының басқарушы директоры Роман Войдыла толығырақ айтып берді. Банк өзінің тұрақтылығын дәлелдеп, соңғы төрт жылда активтер тұрақты өсіп жатқанын атап өтті.
"Естеріңізде болса, 2020-2021 жылдары ковид болды, бірақ тіпті сол кезде де Home Credit Bank экономиканы қолдауға дайын болды. Сол кезде кредиттік портфель 19%-ға өсті. 2022 жыл да қиын болды, өйткені қаңтар оқиғасы мен Украинадағы қақтығыстар болды. Сол уақытта біз халықаралық рейтингтен айырылдық, өйткені Home Credit Bank иесімен бірқатар мәселелер болды. Бұл жағдай бізге де әсер етті. Бірақ 2023 жылы несиелік портфель 2022 жылмен салыстырғанда 43%-ға өсті. Біз оған бар күшімізді салып, жақсы нәтижелерге жеттік", – деп айтты Войдыла.
Сондай-ақ банктің активтері мен өтімділігі де өсті. Егер 2022 жылы олар 543 млрд теңге болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 793 млрд теңгеге жетті. Таза пайда да 17,4 млрд теңгеден 24,7 млрд теңгеге дейін (+42%) өсті.
Меншікті капиталдың кірістілігіне (ROE) келетін болсақ, өткен жылы ол 17% деңгейінде болды (2022 жылы – 13,8%). Шығындар мен кірістердің арақатынасы (CIR) 43,1%, ал капитал, CAR-1 15,4%-ды құрады.
"Биыл біз Home Credit Bank тарихындағы ең жоғары табысқа қол жеткіземіз. Бұған өткен жылы да жетуге болды, бірақ біз бірқатар қиындықтарға тап болдық. Сондықтан біз болашаққа ақша салуға шешім қабылдадық. Ен алдымен біз шағын және орта бизнеске арналған онлайн-банкингті іске қостық. Біздің акционерлер Қазақстан нарығына сенеді", - деді Войдыла.
Басқарушы директор қорландыру құрылымы туралы айтты. Оның негізгі үлесі 399 млрд теңге депозиттік портфельге, 81 млрд теңге банкаралық кредиттерге, 71 млрд теңге корпоративтік облигацияларға тиесілі.
Өткен жылы банк 80 млрд теңгеден астам теңгелік және долларлық облигацияларды шығарды.
"Шығарылған бағалы қағаздар портфелінің таза өсімі 2022 жылдың соңынан бастап осы кезге дейін 96 млрд теңгені құрайды (2024 жылдың мамыр айының соңында ол 113 млрд теңге болды)", – деп нақтылады басқарушы директор.
Тәуекелдерді басқару директоры Йозеф Райко ақшалай кредиттер портфелінің сапасы тұрақты түрде өсетініне назар аударды. Сондай-ақ ол қарыздар бойынша өндіріп алудың тиімділігін атап өтті.
Ал HCB Business цифрлық бизнес директоры Арина Лепихова кәсіпкерлерге арналған қосымшаның нәтижелерімен бөлісті. Мысалы, клиенттік база 22 мың адамға дейін өсті, QR арқылы бөліп төлеу көлемі 13,3 млрд теңгені құрады, ал кәсіпкерлердің балансында 10 млрд теңге бар. Осының барлығы 10 айдың ішінде ғана жасалды.
Home Credit Bank басшысы Кирил Бачваров банктің басты құндылығы клиенттер екенін атап өтті.
"Біздің басты мақсатымыз ақша емес. Біз үшін клиенттерге пайда әкелу маңызды. Банкіміздің ұраны – "Біз көмектесуге қуаныштымыз", сондықтан біз нарықтың дамуына үлес қосуға бар күшімізді саламыз. Сонымен қатар біз нарықтың басқа компанияларымен серіктестік құрып, клиент үшін тиімді әрі ыңғайлы болатын өнімдерді ұсынамыз. Біздің стратегиямыз осыған негізделген және біз әрдайым жаңа шешімдерді іздеуге тырысамыз", – деп айтты Кирил Бачваров.